home
home home

Аудан әкімі Рүстем Дәулеттің аудан тұрғындарын Наурыз мейрамымен құттықтауы

Аудан әкімі Рүстем Дәулеттің аудан тұрғындарын Наурыз мейрамымен құттықтауы

Ардақты ағайын!

Құрметті қордайлықтар!

Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл біздің – төл мерекеміз! Сондықтан бұл мереке – біздің халқымыз үшін ерекше қымбат.

Наурыз мерекесі – бірлік пен берекенің, жаңару мен жасарудың күні. Халқымыз жыл басы деп санаған, мыңдаған жылдық тарихы бар Наурыз мейрамы Тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуымен бірге жаңарып, көпұлтты Қазақстан халқы үшін сүйікті мерекеге айналып, саяси тұрақтылықтың негізі болды.

Кез келген мемлекеттің басты құндылығы оның тәуелсіздігі, ұлттық бірлігі, қоғамдағы бейбітшілік пен келісімінде. Егеменді елімізде достық пен ынтымақтастық, өзара келісім мен түсіністіктің мықты іргетасы қаланып, нәтижесінде еліміздің экономикасы тұрақты дамуда. Осындай бірлігі жарасқан халықтың бірлескен еңбегінің нәтижесінде бүгінде Қазақ елін бүкіл дүние жүзі таниды. Ең бастысы еліміздің ертеңін айқындап ұлы дала елін жаңа қадамдарға жетелейтін идеяларды бекітіп берген Елбасына елеулі еңбегі үшін алғыс айтамыз.

Біздің тату халқымыз Қазақстанның болашағына бұдан да үлкен сеніммен қарайды. Өйткені, алдымызда ұлтымызға ұлы бағдар болған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан-2050» даму стратегиясы, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары сынды ұзақ мерзімді жоспарлары мен қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыруға бағытталған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың саяси Жолдауы және халықтың рухани санасын тереңдетіп, ұлттың болмысын сақтауға бағытталған «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» сынды мақалаларынан туындаған міндеттерді абыроймен атқарсақ, алда алар асуларымыз биік болары сөзсіз.

Тарихы терең, мән-мағынасы ерекше бұл мерекені Қордай ауданының халқы да жыл сайын ерекше ықыласпен қарсы алады. Тоқсан жылдық тарихы бар киелі өңірімізде отыздан астам ұлт өкілдері өмір сүріп, ел игілігі жолында еңбек етіп келеді. Осындай мызғымас бірліктің арқасында ауданымыз өркендеп, экономиканың барлық салаларында даму көрсеткіштері сақталуда. Ең бастысы аймақта тұрақтылық, түсіністік пен азаматтық келісім бар. Бұл біздің басты жетістігіміз деп білемін.

Құрметті жерлестер!

Құт-береке бастауы болған көктем мерекесі сіздерге және отбасыларыңызға ырысы мен байлығын, бақыты мен ынтымағын әкелсін.

Біздің ортақ үйіміз – егеменді Қазақстанның гүлденуі үшін атқарып жатқан еңбектеріңіз әрдайым жемісті де баянды болуына тілектеспін.

Әр отбасында бақыт, табыс, амандық болсын. Табиғаттың жаңару кезеңінде тың күшпен жаңа биіктерге жетейік.

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі құтты болсын!

Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
Разработка и поддержка сайта