home
home home

АУДАН ӘКІМІ Р.ДӘУЛЕТТІҢ ЖЕҢІС КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАУЫ

Құрметті Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері!
Құрметті жерлестер!
Сіздерді қасиетті де қастерлі мереке – Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл күн – батыр бабаларымыздың туған жерге деген шынайы махаббатының, халқымыздың беріктігі мен бірлігінің, қайсар рухы мен жалынды жігерінің арқасында жеткен Ұлы күн. Сондай-ақ, Жеңіс күні аға ұрпақтың ерлігін мәңгілікке ел жадында сақтауға арналған ең қастерлі мереке. Бүгінгі Тәуелсіз ел атанып, еліміздің өркендеуі – осынау Ұлы Жеңістің жемісті жалғасы.
Әлемді шарпыған сұрапыл соғыстың аяқталғанына да биыл міне, 75 жыл толып отыр. Сан мыңдаған боздақтар Отаны үшін жанын аямай, оқ болып атылып, от болып жанды. Қаншама жауынгер ұрыс даласынан елге оралмады.
Барша қазақстандықтармен бірге біздің Қордай өңірінен де Ұлы Отан соғысына oн бір мыңға жуық ер азамат аттанып, туған жерін жаудан азат етуге қатысты. Майдан даласынан елге аман қайтқан жауынгерлер түрлі салада қызмет етіп, майдандағы ерлік істерін бейбіт күндегі адал еңбектерімен жалғастырып, елге өлшеусіз қызмет етті.
Қан майданнан оралмаған батыр жерлестеріміздің есімі мәңгі ұмытылмай ел есінде қалса, осы күнге жеткен қазыналы қарттарымыз, ардагерлеріміз әрқашан мемлекеттің ерекше қамқорлығында болмақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздегі төтенше жағдайға қарамастан «Алдағы мамыр айындағы мерекелерді де үйде атап өтуге тура келеді. Бірақ, Жеңіс күнінде Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің бірде-біреуі елеусіз қалмайды. Бәріне лайықты құрмет көрсетіледі» деп жергілікті атқарушы органға нақты тапсырма берді. Сәуір айынан бастап ауданымыздағы соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне тиісінше мемлекет тарапынан берілетін материалдық көмектің барлығы толықтай көрсетіліп келеді. Әрине, мұндай қолдаулар алдағы уақытта да өзінің заңды жалғасын табатыны сөзсіз.
Осындай батыр бабалары мен ержүрек батырлары бар қазақ елі – тәуелсіз елде, бейбітшіліктің алтын ордасына айналып, бірлікте өмір сүруде. Біздің бүгінгі жеткен әрбір жетістігіміз – достығы мен ынтымағы жарасқан көпұлтты мемлекетіміздің татулығы мен бірлігінде жатыр. Сондықтан да осындай еліміздің ертеңі мен тірегі – жастарымыз достық пен бірлік атты бағалы байлығымызды жоғалтпай, батыр бабалардың ізін жалғастырады деген сенім мол.
Құрметті Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері!
Сіздердің қан майданның алдыңғы шебіндегі ерліктеріңіздің, тылдағы ерен еңбектеріңіздің арқасында қазақстандықтардың бүгінгі ұрпағы бейбіт күнде өмір сүруде.
Сіздер елімізді жаудан ерлікпен қорғай білдіңіздер. Одан кейінгі бейбіт күнде де еліміз бен туған өлкеміздің игілігіне адал еңбек еттіңіздер.
Жеңіс күні көңілдеріңізге нұрлы шуағын шашып, жарқын қуаныштарға толы болсын! Тәуелсіз Қазақстанның жаңа жетістіктеріне куә бола беріңіздер. Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға амандық тілеймін!


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
Разработка и поддержка сайта