home
home home

Аудан әкімі кенендіктермен кездесті

Аудан әкімі кенендіктермен кездесті

 

Ескерткішке су тарту, жарық шамдарын ауыстыру, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын жүргізудің қажет екенін алға тартқан аудан басшысы ауылдық округ әкімі Нұркен Жаманкөзев және өзге жауапты тұлғаларға осы бойынша бірқатар тапсырмалар берді.

Осыдан кейін Болатбек Байқонысұлы ауылдың кіре берісінде орналасқан ветеринарлық пунктке табан тіреді. Үстіміздегі жылдың мамыр айында «Ветеринария қызметі» КММ-нің теңгеріміне өткен бұл ғимаратта ауыл малын тіркеуге алу, тиісті вакцинамен қамтамасыз ету, жалпы санитарлық-эпидемиялық жағдайды бақылап тұру жұмыстары атқарылады. «Ветеринария қызметі» КММ-нің басшысы Ғалым Сабралиев аудан әкімін ғимарат пен қызметкерлермен таныстырып, жұмыс барысын баяндап берді. Ветеринарлық пункттің жұмысын байқаған Болатбек Байтөле малды есепке алу, тіркеу жұмыстары көңіл көншітпейтінін айтып, біраз ескертулер жасай келе, кіре беріс тұсты ретке келтіріп, ағаш отырғызып, абаттандыру қажеттігін алға тартты.

Кенен ауылына келген әрбір жанның Кенен Әзірбаев мемориалдық музейіне бір соқпай кетпесі анық. Болатбек Байқонысұлы да осы әдетке салып ұлы ақынның музейіне кірді. Жанында жайқалған бағы бар мұражай үйіне біраз жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ретке келтірілген. Музей директоры Марат Оспанов қонақтарды қарсы алып, музейдің жағдайын баяндап берді. Аудан әкімі мұражайға барар жолдың тозған жерлері барын байқап, оны ретке келтіру жөнінде ұсынысын айтты. Сондай-ақ, ақынның 135 жылдығы жайында сөз қозғап, бұл айтулы іс-шараға дайындықты ең алдымен музей төңірегін ретке келтіріп, абаттандырудан бастау керектігін айтты. Сонымен қатар, ескі музей ғимаратын кәдеге жарату жөнінде де сөз болды.

Аудан әкімі кірген келесі нысан ауылдағы дәрігерлік амбулатория болды. Бүгінде тозығы жеткен ғимаратта он маман қызмет етсе, науқастарға арналған жеті жатын орын бар. Алғашқы көмекке қажетті құралдармен толықтай жабдықталған. Алайда, белгілі болғандай жедел жәрдем және дәріхана мәселесі өзекті екен. Аудан әкімі бұл мәселені назарына алып, алдағы уақытта жаңа амбулаторияның құрылысы аяқталысымен бірқатар мәселеленің шешімі табылатынын айтты.

Медицина мекемесінен кейін Болатбек Байтөле балалар және жасөспірімдер шығармашылық орталығына бас сұғып, жас спортшыларға арналған ғимаратпен танысты. Батыржан Архабай жетекшілік ететін күрес секциясында 24 бала жаттығады екен. Бапкер жеткіншектердің арасынан ауылдың мақтанышы атанатын атақты спортшылар шығатынына сенімді. Аудан әкімі орталықтағы музыкалық аспапатар мен басқа да оқу-құралдарын көріп, вокал сабағы өтіп жатқан сыныптағы балақайлардың сабағын тамашалады. Аудан басшысы орталықтың жалпы жұмыс барысына қатысты сын-ескерту айтып, жұмыс мінсіз болуы керек екенін жеткізді. Білім бөлімінің басшысы Елдос Нұралиев ғимараттың жанынан көмір сақтауға арналған орын жасап, мектеп жанынан мини-футбол алаңын салу жөніндегі ұсынысын айтты. Аудан әкімі мұндай бастаманы әр уақытта қолдайтынын алға тартып, спорт алаңын жабық ангарлы түрде жасау мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Ауылда «Еркемай» және «Алтын бесік» деп аталған жекеменшік балабақшалар ашылғалы мектепке дейінгі білім берумен қамту мәселесі айтарлықтай жеңілдеген. Ауыл әкімі Нүркен Жаманкөзев алдағы уақытта «Еркемай» балабақшасына қосымша тағы бөлме қосылып, ауылдағы балабақшамен қамту мәселесі түбегейлі шешілетінін айтты. Болатбек Байтөле «Алтын бесік» балабақшасына да кіріп, балақайлардың жағдайымен танысты.

Жоғарыда айтылып өткендей, ауылда жаңа амбулатория құрылысы жүріп жатыр. Құрылыс басына барған аудан әкімі оның барысын көрді. Амбулаторияға 25 сотық жер телімі бөлінген екен. Енді санаулы уақыттан соң тұрғындар жаңа амбулаторияның игілігін көрмек.

Ал, ауылдық поштаға кірген аудан басшысы бұл жерде кейбір төлемдер қабылданбайтынын естіді. Мәселен, жарыққа төлем. Осы мәселені шешуді тапсырған аудан әкімі төлем түрлерін көбейту халыққа ыңғайлы екенін атап өтті. Сонымен қатар, Болатбек Байтөле газет-журналдардың уақтылы таратылуы және пошта қызметкерінің жалақысы жайын сұрады.

Келесі кезек Е.Қашағанов атындағы №42 орта мектебі болды. Оқушылардың оқу барысын көрген аудан әкімі мектептің сырт жағдайымен де танысты. Жалпы, айта кетерлігі бұл кенендіктердің көптен күткен жаңа мектебі. Мұнда бүгінде сапалы білім алу үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған.

Әлеуметтік маңызы бар нысандардың жай-күйімен толықтай танысқан аудан әкімі Ұлы Отан соғысының ардагері Керімқұл Қосақовтың үйіне барып, майдангерге сый-құрмет көрсетіп, хал-жағдайын сұрады.

Түс ауа ауылдық мәдениет үйінде Болатбек Байтөле тұрғындармен кездесті. Аудан басшысы осы күні ауылға арнайы келген сапарының мақсаты, бүгінгі таңда ауданда атқарылып жатқан жұмыстар жайында айта келе, ауыл тұрғындарының сұрақтары мен өтініштеріне құлақ түрді. Жиналған көпшілік ең алдымен ауыз су мәселесін көтерді. Бұлақтардан келетін су 240 текше метрлік резервуарға жиналып, ауылға таратылады екен. Алайда, кейбір тұрғындардың кесірінен жоғарғы көшелерге су жетпей қалады. Болтабек Байқонысұлы аталмыш резервуарды көргенін айтып, су тұтынушыларға есептеуіш құрал қою керектігін «Қордай су» КММ-нің өкіліне тапсырды.

– Кенен ауылындағы су мәселесі әрдайым біздің назарымызда. Әрине, кеңес заманының су жүйесі әбден ескірген. Сол себепті су құбырларын ауыстыру сметасын дайындатып қойдық. Ендігі кезекте облыстан қолдау табылса, қаражат бөлінер. Ал, әзірше келесі жылға суды тазалайтын фильтр орнатуды жоспарлап отырмыз. Бұл су сапасын айтарлықтай жақсартары анық, – деген Болатбек Байтөленің сөзіне көпшілік разылығын білдірді.

Жиында мал ұрлығы мәселесі көтерілді. Ауылда әзірше тұрақты жұмыс істейтін учаскелік инспектор жоқ екен. Үлкен Сұлутөр ауылынан келіп-кетіп тұратын полицей жақында Кененде мал ұрлығы оқиғасы бойынша іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Аудан әкімі учаскелік инспектордың жұмысына қатысты біраз сын айтып, ауылдағы тәртіпке тікелей жауапты болғаннан соң, жауапкершілікті арттыру қажеттігін жеткізді.

Тұрғындардың ауыл мешітінің жанынан асхана ашса деген ұсынысын Болатбек Байтөле қолдайтынын жеткізіп, қажет болған жағдайда жер бөліп беруге дайын екенін айтты. Аудан әкімі жиында мектептердегі ата-аналардан ақша жинау мәселесіне ерекше тоқталды. Мемлекет білім саласына қыруар қаражат бөліп жатқандықтан, мұндай фактілер мүлдем болмауы керектігін баса айтты. Аудан әкімі атаулы әлеуметтік көмек, мемлекеттік грант және өзге де мемлекеттік қолдау жайында сөз қозғап, тұрғындарың пікіріне құлақ түрді.

Жалпы, аудан басшысының сапары нәтижелі болды. Қордаланған мәселелердің басы ашылып, басшылық назарына ілікті. Болатбек Байқонысұлы көптеген мәселелерді көзімен көріп, көңілге түйіп, бірқатары сол жерде шешімін тапты. Ауылда атқарылып жатқан ауқымды істер тұрғындардың ертеңге деген сенімін арттырмаса, кемітпесі анық. Әрдайым тазалығымен, ауызбіршілігімен көзге түсетін Кенен ауылының бүгінгі тіршілігі осындай.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.