home
home home

Аудан әкімі Б.Байтөленің 2019 жылдың қорытындысы бойынша  халық алдындағы есебі  

 

 

 

 

 

Құрметті ауыл тұрғындары!

 

ҚР  Президентінің 2016 жылғы  5 ақпандағы №190-шы  Жарлығына сәйкес барлық деңгейдегі  әкімдердің халық алдында есеп беруі кездесуін жыл сайын өткізу дәстүрге айналуда. Осы мақсатта бүгін Сіздермен кездесіп отырмыз.  Бұл бірінші кезекте атқарушы билік пен халық арасындағы байланысты нығайтуға септігін тигізеді, сондай-ақ, Сіздермен ой бөлісіп, пікір алмасып, атқарылған іске баға беріп, алдағы күнге мақсат қойып, бір сөзбен айтқанда, бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Сондықтан да бұл кездесу – біз үшін аса маңызды.

Өздеріңізге белгілі өткен 2019 жыл еліміз үшін саяси маңызды оқиғаларға толы жыл болды. Кезектен тыс Президент сайлауы өтіп, халық өз таңдауын жасап, Мемлекет басшысы ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты сайлады. Сондай-ақ, Ұлт Президенті қыркүйек айында «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі»атты алғашқы Қазақстан халқына Жолдауын жолдады. Тарихи дамудың жаңа кезеңіне қадам басқан  еліміз үшін, әсіресе қарапайым халық үшін бұл Жолдаудың маңызы зор болды. Тәуелсіз еліміздің негізін қалаушы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық жолы сақталды.

Елімізде қолға алынған осындай жаңа экономикалық саясат, мемлекеттік индустриаландыру бағдарламалары аудан экономикасын дамытуға,  оң көрсеткіштерге қол жеткізуге жол ашты. Мемлекеттік саясатқа сай, ауданымызда әр саланың қозғаушы күшіне айналған  бағдарламалар аясында атқарылған жұмыстар жетерлік.

Ал енді өткен жылға келер болсақ, 2019 жылдың қорытындысы бойынша Қордай ауданы келесі экономикалық даму көрсеткіштеріне қол жеткізді.

 

Өнеркәсіп

 

Аудан экономикасының жетекші салаларының бірі өнеркәсіп кәсіпорындарымен 13880 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі               104% орындалды. Ауданның өнеркәсіп саласының дамуы мен өнім көлемінің артуына «Ақтас», «ВетроИнвест», «Виста Интернейшнал», «Камшат-Әсел» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері сынды ірі кәсіпорындар өздерінің үлестерін айтарлықтай  қосып келеді.

Осы сынды кәсіпорындардың қатарын бүгінде «Первомайские деликатесы» ЖШС, «Риха» ЖШС, «КордайАгротех» ЖШС –і толықтырып, өнім көлемінің ұлғаюына бірден бір септігін тигізіп отыр. Мәселен, өңіріміздегі бірегей жоба саналатын «Первомайские деликатесы» ЖШС өткен жылмен салыстырғанда өнімін 61 тоннаға ұлғайтса, «Риха» ЖШС өнім көлемін 294,7 тоннаға артық өндірсе, «Тас Алға» ЖШС 95 мың текше метр қиыршық тасты, «MВT» ЖШС 120,4 мың тоннаға әктасты артығымен өндірді, «КордайАгротех» ЖШС-өндірістің ұлғаюына байланысты  12694 мың метр тамшылатып суару шлангтары артық өндірді.

Сонымен қатар, өнеркәсіп саласындағы  жоспарланған индикаторды орындау мақсатында 2018 жылы 2 жаңа жоба іске қосылса, 2019 жылы аудандағы 6 кәсіпорында 6 жаңа жоба іске қосылды. («Каздорстрой»  ЖШС, «Атырау ЖБИ» ЖШС, «Отау Құрылыс» ЖШС, «Азия Ирбис» ЖШС, «Қордай құс» ЖШС, «Гринвилл» ЖШС). Осындай көрсеткіштердің нәтижесінде облыс әкімі және аудан әкімі арасындағы келісімдегі бекітілген индикатор 101,3 пайыз орындалды.

Бүгінгі таңда өнеркәсіп саласында жұмыс атқарып жүрген кәсіпорындардың тағы бір жетістігі өндірген өнімдерін шет елдерге экспортқа шығаруында. Атап айтсақ, «Ақтас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қырғызстан Республикасына 2545 млн. теңгеге әктас (748 мың тонна), «ПОШ Ерасыл Ко» жауапкершілігі шектеулі серіктесті 18 млн. теңгеге Қытай Халық Республикасына (120 тонна) өңделген жүнді және «Камшат-Әсел» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 960 тонна мүйізді ірі қара малдың өңделген терісін Ресей Федерациясына экспортқа шығарды. Сондай-ақ, «Первомайские деликатесы» ЖШС-мен мал сою пункті арқылы Біріккен Араб Әмірліктеріне 1500 ұша – 22098 кг, Оманға 346 ұша – 6204 кг және Бахрейнге 2619 ұша – 49532 кг қой еттері экспортталды.

Сонымен қатар, «КазМеатҚордай» ЖШС-мен «JS Бірлік» ЖШС Қырғызстан Республикасына 185,6 тонна және Қытай Халық Республикасына 348,8 тонна сиыр етін экспортқа шығарып, нәтижесінде 534 тонна сиыр етті экспортталды.

Ағымдағы жылы да осы бағыттағы жұмыстарды жандырып, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың ішіндегі инновациялық-цифровизациялық белсенді кәсіпорындардың үлесін ұлғайтуды бойынша нақты жұмыс жүргізіледі. Инвестиция, шағын орта бизнес, өнеркәсіп көрсеткіш мәндерін орындалуы бақылауға алынады.

 

Сауда айналымы

2020 жылдың 1 қаңтарына шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері ұсынған өнімдердің қорытындысы бойынша ауданның бөлшек тауар айналымы 22703,0 млн. теңгені немесе нақты көлем индексі 109 процентті құрады. Облыс әкімі мен аудан әкімі арасында келісім бойынша бекітіліген индикатор 105 процент жоспарланып, 109 процентке орындалады деп күтілуде.

Халықтың әл-ауқатын арттырудың бірден-бір жолы – азық-түлік бағаларының тұрақты және қолжетімді болуы. Тауар айналымын ұлғайту және базар бағасынан 10-15 пайызға төмен азық-түлік тауарларын ұсыну мақсатында 9 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 25 млн. теңгеге 72 тонна азық-түлік тауарлары сатылды. Сондай-ақ, ауданның ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері Тараз қаласында өткен 3 ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне қатысып, 3500,0 млн. теңгенің тауарын арзандатылған бағамен сатты.

 

Инвестиция тарту

 

Елдің экономикалық өсуін анықтайтын басты фактор – жоғары инвестициялық белсенділік. 2019 жылы негізгі капиталға салынған жалпы инвестиция көлемі 18648,9 млн. теңгені құрап отыр. Бекітілген индикатор 122,7% орындалды (Келісім бойынша белгіленген индикатор 15200,0 млн. теңге).

Аудан әкімдігінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі мен ауылдық округ әкімдерінің бірлескен жұмыстарының нәтижесінде жеке қаражат есебінен шағын және орта бизнес субъектілеріне 4652,6 млн. теңгеге инвестиция тартылып, жалпы 73 коммерциялық нысан ашылып, іске қосылды. (Оның ішінде 7 қойма, 19 дүкен, 12  мал бордақылау алаңдары, 5 кафе, 2 ветеринарлық пункт, 1 құс фермасы, 1 қонақ үй, 2 дәріхана, 3 жанар май стансасы, 4 жол бойындағы кешен, 2 базар, 1 жастар клубы, 1 офис, 4 балабақша, 4 техникалық жөндеу орталығы, 3 сұлулық салоны, 2 көлік жуу орындары).

Қазақстан Республикасының 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының аясында аумақтық индустрияландыру картасына енгізілген жалпы жобалық құны 49 млрд. 840 млн. теңгені құрайтын 6 инвестициялық жоба жүзеге асуда. Жобаларды іске асыру барысында құрылыс жұмыстары кезеңінде 510 және іске қосылу кезеңінде 877 жаңа жұмыс орнының ашылуы жоспарлануда.

Ағымдағы жылы аталған 6 жобаның 3 жобасы іске қосылды, олар: 1) «Гринвилл» ЖШС заманауи жылыжай құрылысы. Онда жаңа технологиялар және аквапоника жүйесін қолдану арқылы балық және салат жапырақтарын өндіру жобасы қолға алынған; 2) «Қордай сүт өнімі» ЖШС балмұздақ шығаратын цехын кеңейту инвестициялық жобасы; 3) «Қордай Корм» АӨК өндірісті кеңейту бойынша құрама-жем өндіретін жаңа қондырғы енгізу жобасы.

Ауданда жұмыс орындарын сақтау және тұрақты жұмыс істейтін жаңа жұмыс орындарын құру мақсатында «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2019 жылы 787,5 млн. теңгені құрайтын 7 жоба іске асты.

(1. Несиенің пайыздық ставкасын субсидиялау бойынша – 4 жоба 744 млн. теңгеге («Ветро  Инвест» ЖШС 700 млн. тг, «Ақ жол» ЖК 7,2 млн. теңге, «Элемир» ЖШС 13 млн. теңге, ЖК «Ибрайкулова» 23,8 млн. тг).

  1. Кепілдендіру құралы бойынша 3 жоба 43,5 млн. теңгеге «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ тарапынан кепілдік берілді («Қордай-Корм» АӨК-і 25 млн. теңге, «Ақ жол» ЖК 3,5 млн. теңге, «Саудабаева» ЖК 15 млн. теңгеге кепілдік алынды).

«Береке3» бағдарламасы бойынша ағымдағы жылы «Куликов и К» ЖШС-і айналым капиталын қаржыландыруға 50 млн. теңге несие алды.

«Даму өндіріс» бағдарламасы аясында 1 жобаны 50 млн. теңгеге «Қордай Корм» АӨК іске асыруда.

Бұдан бөлек «Қордай Корм» АӨК-не, «Гринвилл» ЖШС-не мемлекет есебінен жетіспейтін инфрақұрылым тарту жұмыстары жоспарлануда.

 

Несиелендіру

 

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша «Арлен» ШҚ бизнесін кеңейтуге «АКК-дан» 15 млн. теңге несие алды.

Бұдан басқа, бизнесін кеңейтуге «Медет» ШҚ – 30 млн. теңге және «Казмеат» ЖШС-і – 400 млн. теңге несие алу үшін «АКК-ға» құжаттарын тапсырды.

«КМФ» ЖШС-і арқылы 2019 жылдың 4 тоқсанында 1028 азаматқа 591 млн. теңге несие берді.

«Қордай» Несие серіктестігі» ЖШС-і арқылы 20 шаруа қожалықтарына 182 млн. теңге несие берілді. Ағымдағы жылы гранттық қаржыландыру бойынша ауданан жалпы 12,5 млн. теңгеге 6 жас кәсіпкер грант алды.

 

Бюджеттің орындалуы

Салық пен басқа да міндетті төлемдерден түсетін қаржы ауданның қорын қосымша толықтыруға мүмкіндік береді.

2019 жылдың 31-ші желтоқсанына жалпы аудан бюджетіндегі кірістер жоспардағы 21497,1 млн. теңге 21578,1 млн. теңгеге, немесе 100,4 процентке орындалды, соның ішінде меншікті кірістер бойынша жоспардағы 2925,8 млн. теңгенің орнына 3006,8 млн. теңге түсті, артығымен 81 млн. теңге түсіп, 102,8 процентке орындалды. 2018 жылмен салыстырғанда түсімдер 75,6 млн. теңгеге артық немесе өсім қарқыны 102,6 процентті құрады. Ауылдық округтердің бюджеті 598,4 млн. теңгеге орындалды немесе 110,8 процент.

Аудан бюджетінің шығыс бөлігі жоспардағы 22038,6 млн. теңгенің 22032,3 млн. теңгесі немесе 100 процентке игерілді.

 

Ауыл шаруашылығы

Бүгінде ауылшаруашылық саласы – Қордай ауданының экономикасын алға сүйреуші салалардың біріне айналды. Бұл салаға жыл сайын мемлекеттік бағдарламалар аясында қомақты қаржы бөлініп, ауыл экономикасы мен тұрғындардың әлеуметтік тұрмысы айтарлықтай даму үстінде.

Ауданда Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2020 жылдың                           1 қаңтарына ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі болжамды  – 53704,7 млн. теңгені құрайды немесе нақты индекс көлемі 105,2%. (оның ішінде өсімдік шаруашылығы өнімі – 30890,0 (26736,0) млн. теңге немесе нақты көлем индексі 105,5%  құрайды, мал шаруашылығы өнімі – 22814,7 (21143,2) млн. теңге, нақты көлем индексі 105%  құрайды).

 

Аудан шаруа қожалықтарының еселі еңбегі мен табысты  атқарған жұмыстарының нәтижесінде 2019 жылы масақты дақылдардың орташа өнімділігі 2019 жылы масақты дақылдардың орташа өнімділігі 23,5 ц/га-дан айналып, 142000 тн астық бастырылды, 7111 га дәндік жүгеріден 69,1 ц/га-дан айналып, 49137 тн жүгері жиналды. Майлы дақылдардың 3276 гектары жиналып, 2457 тонна өнім алынды, орташа өнімділігі 7,5 ц/га, 4363 га көкөніс, бақша дақылдары өнімдерінен 167887 тн өнім алынды, орташа өнімділігі 275 ц/га, картоп 3321 га жиналып, 79870 тонна өнім алынды, орташа өнімділігі 240,5 ц/га айналды.

Сонымен бірге соңғы жылдары Қордайда қант қызылшасын өсіруді жаңғырту жұмыстары кең көлемде қарқын алып, аудан шаруалары Меркі қант зауытына 7726 мың тоннадан  аса тәтті түбірді өткізді. Бұл облыс көлемінде жоғарғы көрсеткіш болып саналады.

Осындай көрсеткіштердің арқасында ауданымыз бүгінде аграрлы аймақ ретінде танылып, ауыл шаруашылық саласында инновациялық технологияларды  көптеп енгізіле бастағанын айта кеткен жөн. Қазіргі уақыт талабына сай тамшылатып суғару технологиясының көлемі үш мың гектарға жетіп, 24 шаруашылықта орнатылса, жаңбырлатып суару технологиясын 7 шаруашылық енгізіп, нәтижесінде бүгінде жеті мыңнан гектардан  астам   алқапқа жаңа технология енгізілген.

Осылайша, қордайлық диқандар алғашқылар қатарында озық технологиялардың оңтайлы тұстарын пайдалану арқылы суармалы су, минералды тыңайтқыш және суғаруға кететін уақытын үнемдеп, өнімділік көлемін арттырып келеді.

2019 жылдың қорытындысы бойынша 3775,6 млн. теңгеге инвестиция тартылды. (оның ішінде тартылған ірі жобалар: «Азия сад» ЖШС (алма бағы) – 561,6 млн. тг., «Қордай құс» ЖШС (құсфермасы) – 98,0 млн. тг., ЖК «Сегизбаев» жылыжай салу – 239,7 млн. теңге, бордақылау алаңдары, астық және көкөніс қоймалары, мал қора салу – жалпы 2403,1 млн. тг, жаңа техникамен тамшылатып суғару қондырғылары – 473,2 млн. тг.).

Ауыл шаруашылығы өнімі көлемін  арттыруда да қазіргі заман талабына сай техникалар мен қажетті құрал жабдықтардың болуы өте маңызды.  Ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту бойынша жыл басынан бері шаруашылықтар тарапынан қазіргі заман талабына сай барлығы 28 техника,                 333,8 млн. теңгеге қажетті құрал-жабдықтар алынды. Осының өзі аудандағы атқарылған жұмыстардың оңды нәтижесі деп білемін. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы жылда да өз жалғасын табатын болады.

Бүгінгі күнге ауданда жұмыс істеп тұрған 18 кооператив бар. Олар, сүт бағытында – 6 кооператив  жылдың басынан аталған кооперативтер 510 тоннаға дейін сүт өнімін «Куликов сүт өнімдері» ЖШС мен «Райымбек Агро» ЖШС–не өткізді, егін бағытында – 6 кооператив, мал шаруашылығы бағытында – 2 кооператив, «Қордай Корм» және «Ара Тау».

 

 

Мал шаруашылығы

Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңартылған бағдарламасында ерекше көңіл бөлінген мал шаруашылығы саласы да ауданда тұрақты дамып келеді. Қордай ауданы бойынша 2020 жылдың 1 қаңтарына  мүйізді ірі-қара – 72750 бас,  2019 жылдың осы кезеңімен  салыстырғанда 103,0% құрады, жылқы – 18107 бас, немесе 101,0%, қой мен ешкі – 428587 бас, немесе 103,7%, шошқа – 2250 бас немесе 102,6% және құстар – 118891 бас немесе 102,0%.

Ауданда негізгі ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі артып келеді. 2020 жылдың 1 қаңтар айына 12373 тонна ет (сойыс салмақта) өндіріліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 113,1% құрады, 64012 тонна сүт өндіріліп  101,0%, жұмыртқа 119597 мың дана 100,0%.

«Сыбаға» бағдарламасы: бойынша МІҚ аналық басын импорттау жоспары жылдық 350 бас болса, Ресей мемлекетінен 395 бас алынды немесе 112,9% («Ансар» ШҚ -52 бас Жамбыл а/о, «Алибаба» ШҚ -63 бас Бетқайнар а/о, «Айдана» ШҚ -120 бас Алға а/о, «Болашақ Қордай» ЖШС -160 бас Қордай а/о). Сонымен қатар, «Игілік»  бағдарласымен 795 бас ірі қара мал алынды, жалпы барлығы 1190 бас болып отыр немесе 3,4 есе.

Қой малын сатып алу жылдық жоспары 5624 бас, 2019 жылы аталған бағдарламасымен қатар, ауданда «Игілік» бағдарламасымен 2855 бас қой алынды («Қурақбай» ШҚ -400 бас (Қақпатас а/о), «Арай»ШҚ -182 бас (Қаракемер а/о), «Айбас» ШҚ -334 бас (Сортөбе а/о), «Қонысбай» ШҚ -400 бас Қордай а/о, «Жазық саз» ШК -667 бас Қақпатас а/о, «Кутпанов» ШҚ -300 бас Жамбыл а/о және «Алатау Груп» ЖК – 372 бас, ЖК Исмагамбетова -372 бас Қордай а/о). Екі бағдарлама бойынша барлығы 5715 бас қой алынды, немесе 101,6%

Ауданда ауыл шаруашылық тауар өндірушілері етті экспортқа шығару көлемін арттыруда. Нақты айтқанда, 2019 жылы 534,4 тонна сиыр еті және 161 тонна қозы еті шетелге экспортталды. (2018 жылы 252,7 тонна сиыр еті және 54,9 тонна қозы еті).

 

Ветеринария саласы

Мал шаруашылығын дамытуда ветеринария саласы әрдайым басты назарда болады. Сондықтан да  ветеринарияның дұрыс әрі жүйелі жұмыс істеуі аталмыш бағыттағы жұмыстарды жетілдіре түсудің бірден бір жолы. Осы мақсатта 2019 жылы эпизоотияға қарсы іс-шараларды жүргізуге жергілікті бюджеттен 205 532,0 мың теңге бөлініп, қаржы толығымен игерілді.

2019 жылы бруцеллезге шалдыққан ауыл шаруашылығы малдарының иелеріне 30 пайыз өтемақысына 3,075 млн. теңге төленді. Энзоотиялық ауруларға қарсы 7 млн. 714 мың теңге қаражат бөлініп, 123012 бас малға вакцина егілді.

Аудан аумағындағы иесіз иттерді ұстап, жою жұмыстарын жүргізуге 3,4 млн. теңге қаражат бөлініп, 2840 иесіз иттер жойылды.

Көрсетілетін ветеринариялық қызметтердің сапасын жақсарту мақсатында 2019 жылы 3 ауылдық округте ветеринарлық пункттер іске қосылды.

 

Құрылыс

 

Аудандағы әлеуметтік, мәдени нысандардың сапалы бой көтеруі құрылыс саласында атқарылған оңды істердің нәтижесі. 2019 жылы құрылыс жұмыстарының көлемі 12081,4 млн. теңгеге орындалды немесе индикатор 105,1 пайызға орындалды. Оның ішінде: бюджет есебінен 4906,0 млн. теңгеге өзіндік қаражат есебінен 6752,0 млн. теңге. 2018 жылмен салыстырғанда өзіндік құрылыс жұмыстары 3,313 мрд. теңгеге артты. (93 нысан заңдастырылды, оның ішінде 24 сауда коммерциялық нысан, 10 кафе, қонақ үйлер мен мейрамханалар, 6 техникалық жөндеу орталығы, автожуу және техникалық байқау пунктері, 3 жанар-жағармай стансалары, 17 бордақылау және мал шаруашылығы кешені, 9 жылыжай кешені, қоймалар мен көкөніс сақтау қоймалары, 1 ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдеу объектісі, 7 жекеменшік балабақша, 6 мәдениет, спорт, денсаулық сақтау жеке нысандары, 2 ветеринарлық пункт).

Архитектура және құрылыс заңнамасын сақтамаған 6 заңсыз құрылысын жүргізген  нысанның құжаттары мемлекеттік құрылыс сәулет бақылау басқармасына жолданып, 1,2 млн. теңгеге айыппұл салынды.

2019 жылы ауданда 6 ірі нысанның құрылысына 3,6 млрд. теңге бөлініп,                    2 нысан іске қосылып, 4 нысан өтпелі, 2020 жылы құрылыс жұмыстары аяқталады, оның ішінде:

Іске қосылған нысандар:

– Әлжан ана ауылындағы сумен қамтамасыз ету жүйесі (609,8 млн. теңге);

– «Қордай ауылындағы «Шығыс» және «Солтүстік» тұрғын үй құрылыс нысанына инженерлік инфрақұрылымын (қиыршық тас жол) салу» (708,3 млн. теңге);

2020 жылға өтпелі құрылыс нысандары:

– «Қордай ауылының «Шығыс» және «Солтүстік» жеке тұрғын үй құрылыс алқабына инженерлік инфрақұрылымын (сумен қамтамасыз ету) салу» (853,2 млн. теңге);

– «Қордай ауылында 5 қабатты 50 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы» (446,2 млн. теңге);

–  «Күнбатыс-2» ауылында 150 орындық орта мектеп құрылысы» (529,9 млн. теңге);

– «Қордай ауданы «Қалғұты» ауылында 180 орындық орта мектеп құрылысы» (540,1 млн. теңге).

2019 жылы 130,4 млн. теңге 1 мектеп, 3 ауызсу, 3 инфрақұрылым, 5 көпқабатты тұрғын үй, 3 спорт және 3 мәдениет нысандарының жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, нәтижесінде 18 нысанның ЖСҚ-ы толық дайын.

 

Тұрғын үй құрылысы

 

Еліміздегі ең өзекті мәселердің бірі – баспана,  тұрғын үй құрылыс саласына ерекше назар аударылып отыр.Осы мақсатта ауданымызда тұрғын үй құрылысы кезең-кезеңімен жүйелі түрде жүзеге асуда.

Қордай ауданында жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскелеріне кезекке 12400 азамат тіркелген, кезекте тұрған азаматтардың негізгі үлесі (50 пайызы) Қордай ауылына жатады. Осыны ескере отырып, аудан орталығын дамытудың бас жоспарына сәйкес инженерлік және коммуникациялық инфрақұрылымды дамытудың облыстық жол картасына жалпы көлемі 1471 га құрайтын 6560 жер учаскесіне 4 жаңа массивтер қосылып («Солтүстік-Шығыс» – 615 га/2776 жер учаскесі, «Батыс» – 106 га/388 учаскесі, «Самал тау» – 750 га/3396 учаске), бүгінде 3 массив бойынша мәселелер шешімін тапты. Аталған массивтерге бүгінгі күнге тиісті қаражат бөлініп, инфрақұрылымдарын нығайту бойынша жұмыстар жүргізілуде. «Солтүстік-Шығыс» алқабында 2019 жылы 2200 жер телімі тұрғындарға таратылды. Ағымдағы жылы қалған 576 жер телімі берілетін болады.

Аудан бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж азамат ретінде 1447 азамат кезекте тұр.

Аталған мәселені шешу мақсатында 4 жобаның жобалық-сметалық құжаттары әзірленді.  2019 жылы 472,8 млн. теңгені құрайтын,  бір 50 пәтерлі 5 қабатты тұрғын үй құрылысы басталып, 2020 жылы қолданысқа беріледі.

Сонымен қатар, Қордай ауылына 5 қабатты 60 пәтерлі 4 тұрғын үй құрылысын салу үшін жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу және ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізуге аудан бюджетінен 2020 жылға 40,6 млн. теңге бөлінді.

Өткен жылғы тұрғын үй заңнамасына енгізілген өзгерістерге сәйкес аудандағы жалпы жер кезегінде тұрған азаматтардан 170 көпбалалы отбасы санатындағы азаматтар жеке кезекке шығарылып, көпбалалы аналарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен 58,8 млн. теңге бөлініп, 7 отбасыға тұрғын үй салынып берілді. Сондай-ақ, «7-20-25» бағдарламасы аясында 2 пайыздық несиемен тұрғын үй алуға  17 отбасыға «Тұрғын үй құрылыс жинақ» банкіне жолдама берілді.

Тек мемлекеттік қолдау ғана емес, рухани жаңғыруға бел байлаған аймақ кәсіпкерлері халықтың әлеуетінің артуына барынша септігін тигізіп, 2019 жылы  аудандағы кәсіпкерлердің демеушілігімен 10 отбасы баспаналы болды.Мұндай тамаша істерді тізбектей берсек жетерлік. Осының барлығы ел экономикасы дамуының көрсеткіші десек те қателеспейміз.

 

 

 

Пилоттық жоба

 

Құрметті ауыл тұрғындары!

 

         2019 жылы Жамбыл облысында тұрғындардың тұрмыстық табысын жақсартуға арналған ауқымды жоба қолға  алынды. Осы жоба арқылы ауыл азаматтары кәсіпкерлікпен айналысып, мал басын көбейтуге, бордақылау, сүт сауып өткізу, көкөніс егу ісін бастауға мол мүмкіншілік ала алады.

Жалпы аталған жоба бойынша тұрғындардың ұсыныстарын ескере отырып, халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған 5 бағыт қарастырылып отыр:

Бірінші — үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдалану;

Екінші — үй ауласында мал және құс өнімділігін арттыру;

Үшінші — ауыл сыртындағы пайлық үлес жерлерді ұтымды пайдалану, сол арқылы жем-шөп, жайылым мәселесін шешу;

Төртіншісі — қосалқы шаруашылықтардың тиімділігіне қол байлау болып отырған мәселелерді кооперативтер арқылы шешу;

Бесінші бағыт — ауылдағы шағын жобаларды қаржыландыру.

Бүгінде Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасы жалпы өңір халқының арасында кең қолдауға ие болуда. Ілкі жобаға енген он ауылдық округтен бөлек басқа да елді мекендердің тұрғындары игі бастамаға қызығушылық танытып, ол бойынша жұмыс жасауға жоғары ниеттерін білдіруде. Біздің ауданымыздан Жамбыл ауылдық округі пилоттық ауылдық округ болып белгіленді.

Жоба аясында Жамбыл ауылдық округінің тұрғындарына 5 негізгі бағыт бойынша 2,5 % және бизнесті дамытуға 5 пайыздық мөлшерде несиелеу жұмыстары жүргізілуде.

Қазіргі таңда 263 тұрғынды несиелендіру бойынша жалпы сомасы 1145,0 млн. теңгеге құжаттар жиналды, оның ішінде 35,6 млн.теңге өсімдік шаруашылығын, 1036,6 млн. теңге мал шаруашылығын дамытуға (6513 бас малды сатып алу), бизнесті дамыту үшін 81,5 млн. теңге.

Қазіргі таңда 12 тұрғынға 44,3 млн. теңге берілді.

Агрономия, зоотехния қызметтерін көрсету, ауыл шаруашылық дақылдарды өсіріп-өндіру, жинау, жеке қосалқы шаруашылықтар өндірген дайын өнімді сату міндеттері жүктелген кооперативтерді құру негізгі бағыт болып табылады. Бұл мақсатта округте 103 қатысушысы бар «Жаңатұрмыс-Бірлік» кооперативі құрылған. 19 дана техника сатып алу үшін 125,9 млн. теңгеге несие беріледі.

Жобаны іске асыру нәтижесінде 980 аула үй іргесіндегі жер телімдерін тиімді пайдаланып, әр ауланың жылдық қосымша табысы орташа есеппен 300,0 мың теңгеге дейн ұлғаюы күтілуде.

 

 

 

Газбен жабдықтау

 

Аудан аумағындағы 41 елді мекеннің 12-і немесе 29,3%-ы көгілдір отынмен қамтылған. Қордай ауданындағы елді мекендерді газдандыру мәселесін кезең-кезеңімен шешу жоспарланып, бүгінде І кезең бойынша Қордай ауданының таулы өлкесінде орналасқан 12 елді мекеннің (Соғанды, Алға, Көгадыр, Мұзбел, Кенен, Үлкен Сұлутөр, Сұлутөр, Көктөбе, Отар, Гвардейский, Аңырақай, Бел) және «Отар» АГРС-ның құрылысының жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, құрылыс жұмыстарын жүргізу 2020 жылға жоспарланды.

ІІ кезең бойынша 2019 жылдың шілде айында 5 (Ноғайбай, Сарыбастау, Шарбақты, Қарасу, Өтеген) елді мекенді газдандыруға техникалық шарты «ҚазТрансГазАймақ» тарапынан әзірленіп, сол шілде айында жоғарыда аталған елді мекендерге дейін жеткізетін газ құбырларының жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуге қаржы қарастыруға облыс әкімдігінің энергетика басқармасына өтінім тапсырылған, нәтижесінде 2020 жылы жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге 15 млн. теңге қарастырылып, конкурс жарияланды.

 

Ауыз сумен қамтамасыз ету

 

Адам өмір сүру сапасына әсер ететін бірден-бір фактор – ауыз су екені белгілі. Аудандағы 41 елді мекеннің 31-і жерасты суын, 10-ы жер үсті суын пайдаланады. Ауылдық жерлерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 2018 жылы Ауқатты ауылындағы сумен жабдықтау жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталса, ағымдағы жылы Әлжан ана ауылындағы жаңа сумен жабдықтау жүйесі қолданысқа берілді. Нәтижесінде орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланатын елді мекендер саны 29 немесе 70,3% құрайды. Сондай-ақ,  Ноғайбай мен Отар ауылында су мұнараларына ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Ағымдағы жылы Кенен ауылына сумен қамту жүйесіне 132 млн. теңге бөлінді. Қосымша тағы 6 ауылға (Сарыбұлақ, Қайнар, Қарасу, Өтеген, Арал, Қордай ауылындағы «Батыс» мөлтек ауданы) ауызсу құрылысына құны 2,8 млрд. теңге көлемінде жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде.

 

Автомобиль жолдары

 

Алыс пен жақынды байланыстыратын автокөлік жолдарының жағдайы да күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе.«Автомобиль жолдарының жұмыс істеуін қамтамасыз ету» бағдарламасы бойынша республикалық, облыстық және аудандық бюджеттен 325,4 млн теңге бөлініп, аудандық маңызы бар жолдарға 13,5 шақырымға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде: Өтеген-Бәйтерек – 8 км, Ноғайбай-Сарыбастау – 2,5 км, Бетқайнар-Соғанды – 3 км және жаңа құрылыс жұмыстары 7,4 км Ауқатты-Бәйтерек. Сонымен қатар, жалпы 20 млн. теңгеге ағымды жөндеулер жүргізілді. Нәтижесінде аудандағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы аудандық маңызы бар автожолдар үлесі нысаналы индикаторына қол жеткізу келісімге сәйкес 79,4% жеткізілді.

Сондай-ақ, Қордай ауылында орналасқан «Болашақ» ықшам ауданына Төле би көшесі арқылы қатынайтын көпір құрылысын салуға 80,4 млн. теңге қаржыға жұмыстар жүргізіліп,  ел игілігіне берілді.

Аудандағы 7 елді мекеннің кіреберісіне (Беріктас, Алға, Жаңатұрмыс, Қызылсай, Күнбатыс-1, Күнбатыс-2, Кенен) аялдама орнатылды.

2020 жылы республикалық, облыстық және аудандық бюджеттен жол жөндеу жұмыстарына 1,1 млрд.  теңге бөлініп,  ұзындығы 25 шақырым болатын Бетқайнар-Соғанды, 5 шақырымдық Қақпатас-Беріктас, 9 шақырымдық Алға-Көгадыр, 2,3 шақырымдық Мұзбел ауылына кіреберіс автожолына, Отар-Сұлутөр жолының 13,5 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.

 

 

Абаттандыру

 

Көктемгі және күзгі абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық екі айлықтары өту барысында 16 (он алты) сенбілік өткізілді. Сенбілікке мекемелермен мен кәсіпорындар өз мекеме аумақтарын, елді мекен ішіндегі саябақ, көшелерді тазалау жұмыстарын жүргізді.

Ауданда биылғы жылы  іске асқан тағы бір игі шара Қордай ауылының «Батыс» ықшам ауданына саябақ салынып, жер көлемі 7,4 га болатын саябаққа наурыз айында алғашқы ағаштар отырғызылды. Сондай-ақ, Қордай ауылында Аңырақай көшесі мен Кенесары көшелерінің қиылысында жаңадан бой көтерген арна жағалауы ашылып, бүгінде аудан тұрғындарының демалыс орнына айналды.

Республика бойынша жаппай жасыл желектерді отырғызу акциясы аясында аудан бойынша 12 гектар жерге 8200 түп  жасыл желектер отырғызылды.

 

Әлеуметтік қорғау

 

2019  жылы Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік  атаулы әлеуметтік  көмек  туралы» Заңына өзгеріс енгізіліп, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау құқығын анықтау үшін кедейшілік шегі ең төмен күнкөріс деңгейінің 50%-дан 70%-ға дейін көтеріліп, табысы аз отбасының әрбір баласына атаулы әлеуметтік көмек 20 789 теңге төлеу белгіленді.

Аталған өзгерістер жүзеге асыру мақсатында 2019 жылы аудан бойынша аз қамтылған 2334 отбасын немесе 11903 адамды атаулы әлеуметтік көмекпен қамту үшін бюджеттен барлығы 1 987,9 млн теңге қарастырылды (оның ішінде: РБ – 1 888,3  млн. теңге, ЖБ – 99,6 млн теңге).

2020  жылдың 1 қаңтарына қарастырылған қаражат аясында атаулы әлеуметтік көмекпен аудан бойынша 3117 отбасы немесе 17188 адам (оның ішінде  1 сәуірге дейін тағайындалған 537 отбасыға немесе 3034 адамға қайта есептеу жүргізілсе, 2580 отбасыға немесе 14154  адамға 1 сәуірден бастап жәрдемақы тағайындалды) қамтамасыз етілді.

Ал мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылардың ішінен еңбекке қабілетті азаматтардың үлесі 34,7% құрап, шартты ақшалай көмекпен қамтылған 15931 азаматтың ішінен жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 3562 адам немесе 22,3 % тартылды. Атап айтқанда, 3404 азамат тұрақты жұмысқа,  96 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға, 14 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 4 адам жастар тәжірибесіне жолданса, 44 адам кәсіби оқумен қамтамасыз етілді.

Бүгінгі таңға ауданда аз қамтылған отбасыларының саны –  3117, кедейшілік деңгейі 10,7% тең (17188 атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардың 144 847 ішінен 11,8% тең).

Сонымен қатар, атаулы әлеуметтік көмектен басқа аудан бойынша аз қамтылған отбасыларға Қазақстан Республикасының 1997 жылғы                         16 сәуірдегі «Тұрғын үй қатынастары туралы» №94 заңына сәйкес жылыту науқанында жыл сайын тұрғын үй көмегі көрсетіліп тұрады.  2019 жылы аудан бойынша тұрғын үй көмегіне 1678,0  мың теңге қаралып, 57 отбасы немесе 250 адам жылыту науқанына қаржылай көмек алды.

«Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің                       2013 жылғы 21 мамырдағы №504 қаулысына сәйкес, өмірлік қиын жағдайға тап болған және әлеуметтік мәні бар аурумен ауыратын 152 азамат жалпы сомасы 14792,0 мың теңгені құрайтын бір жолғы және мерзімдік әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етілді.

Сонымен қатар, мемлекеттік қолдаудан басқа аудан көлемінде халықтың осал топтарына демеушілердің көмегі арқылы қайырымдылық көмектер көрсетілді.

Аудан бойынша  «Бақытты отбасы» бағдарламасы  шеңберінде аз қамтылған,  көпбалалы  отбасыларға әлеуметтік  көмек көрсету мақсатында «Нұр ниет» қайырымдылық қоры құрылып, «Әлеуметтік дүкен» іске қосылды.

Сондай-ақ, «Отар жастарының қайырымдылық қорының» ұйымдастыруымен Отар ауылында «Қайырымдылық дүкені»                  жұмыс атқаруда.

Аудандағы аз қамтылған отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға аудан әкімдігінің бөлім, мекемелерінің және жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен барлығы 1785 отбасыға (6332 адамға) 47 млн. 828,4 мың теңгеге  азық түлік себеттері, қыстық отын және тағы басқа қолдау көмектері көрсетілді.

Білім беру саласы

 

«Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек» деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы атап айтқандай, білімді ұрпақ әрбір елдің жарқын болашағының кепілі екені даусыз. Осы ретте біздің елімізде өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру ісіне әрқашанда ерекше зор көңіл бөлінеді. Яғни, жыл сайын осы саланы қаржыландыру жағы көбейтіліп, балаларымыздың жақсы білім алуына жан-жақты жағдай жасау жолында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соның ішінде Қордай жерінде аудандық бюджет есебінен қаржыландырылатын 48 мемлекеттік мектепте (оның ішінде: 1 – бастауыш, 8-негізгі, 39 – орта мектептер) және 1 бастауыш жекеменшік мектепте  30366 оқушы және  8 мектептен тыс  білім беру мекемелерінде 7329 бала білім алуда.

21 мемлекеттік  балабақшаларда 2764 бала, 41 жекеменшік балабақшада  4555 бала, ал  9 шағын орталықта 555,  барлығы  7874 бүлдіршін мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған.

«Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысын іске асыру» бағдарламасы аясында 2019 жылы 500 орындық 5 жекеменшік балабақша, 475 орындық қосымша топтар, жалпы 975 орын ашылып, аудан бойынша мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған балалар үлесі 1-6 жас аралығында – 92 % (облыста-84%), 3-6 жас аралығында – 100% (облыста-98%)  құрап отыр.

Сонымен қатар, 0-18 жасқа аралығында аудан бойынша мүмкіндігі шектеулі 925 бала болса, оның ішінде 233-үй жағдайында, 205-инклюзивті біліммен, 11 бала балабақшада тәрбиеленуде.

Жағдайы төмен отбасынан шыққан 2364 бала жергілікті бюджет есебінен бір мезгіл тегін ыстық тамақпен қамтылып, 174 млн.785 мың теңге игерілді (1 баланың тамағының құны – 450 теңгені құрайды).

Шалғай жатқан, мектебі жоқ елді мекендердегі отбасыларының 87 баласы аудан орталығындағы №3 Абай атындағы орта мектеп жанындағы интернатта тәрбиеленуде. Сондай-ақ, 8 елді мекенде 236 оқушыны білім мекемесіне тасымалдау ұйымдастырылған (Сарыбастау, Көгадыр, Керу, Күнбатыс-1, Кақпатас, Әлжан ана, Шарбақты, Арал).

«Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» орындау   мақсатында, 2019 жылы аудан мектептерінің материалдық-техникалық жағдайын нығайту үшін 338,559 млн. теңге жұмсалып, 14 мектеп робототехника кабинеттерімен, 2 физика кабинеттерімен, 359 дана мультимедиялық құрылғылармен (экран, компьютер, проектормен), 107 дана компьютермен және 64 сынып жиһазы жиынтығымен жабдықталды.

Қордай, Кенен, Отар, Масанчи ауылдарындағы балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталықтарында ІТ-сыныптар ашылды.

Мектептердегі жалпы компьютерлер саны 3311 дананы құрап, аудан бойынша 7 оқушыға 1 компьютерден келеді (Облыстық көрсеткіш 11 оқушыға 1 компьютер).

2019 жылы барлық білім беру ұйымдарында ағымды жөндеу жұмыстарына қажетті құрылыс заттарын алуға 30 млн. 253 мың теңге бөлініп, әктеу, сырлау жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, Қордай ауылындағы №4, Қаракемер ауылындағы №14, Қайнар ауылындағы №32 мектептердің ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстарына 392 млн. 653 мың теңге бөлініп, жұмыстар аяқталды.

Ауданда бойынша Күнбатыс-2 ауылындағы апатты жағдайдағы №11 негізгі мектеп мәселесі шешімін тауып, бүгінгі күнге 529 млн. 972 мың теңге бөлініп, 150 орындық мектеп құрылысы 2019 жылдың 24 қазан күні басталды, аяқталу мерзімі 2020 жылдың тамыз айы деп күтілуде. Сонымен қатар, Жамбыл ауылдық округінде мектептегі орын тапшылығын шешу мақсатында Қалғұты ауылына 180 орындық мектеп құрылысын жүргізуге 601 млн. 115 мың теңге бөлініп, 2019 жылдың 16 қазан күні жұмыстар басталды, аяқталу мерзімі 2020 жылдың тамыз айы.

 

Денсаулық сақтау саласы

Еліміздің ең асыл қазынасы – адам мен дені сау ұлт. Сондықтан да мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі – денсаулық сақтау  саласы. Соңғы жылдары ауданымызда әлеуметтік нысандар көптеп ашылып, халық қуанышқа бөленуде. Өткен жылы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік арқылы өткен жылы 3 ауылдық округте, ағымдағы жылы мемлекеттік жекеменшік әріптестік шеңберінде 8 елді мекенде (Степное, Кенен, Қызылсай, Мұзбел, Қалғұты, Сарыбастау, Бел, Бәйтерек) дәрігерлік нысандар қолданысқа берілді.

Аудандық денсаулық сақтау жүйесінің материалдық техникалық базасын нығайтуға облыстық бюджеттен 152, 2 млн. теңге  бөлінді. (Сандық маммографиялық жүйе; Эндоскоптарды жууға және дезинфекциялауға арналған автомат-1; Дефибриллятор-2; Төсек жанындағы көпфункционалды кардиомонитор-2; Хирургиялық электрлік сорғыш-1; Инфузомат-2; санитарлық «УАЗ»  автокөлігі-11;)

2019 жылы республикалық бюджеттен скринингтік зерттеулерге 27,1 млн. теңге бөлінді. Скринингтік тексерумен 80029 адам қамтылды. Оның ішінен 7442 ауру адам анықталып, 5703 адам сауықтырылды.

Аудандық орталық ауруханаға 14 жас маман қабылданды (5 жалпы парктикалық дәрігер, 2 акушер–гинеколог. 1 невропатолог, 1 педиатр, 3 терапевт, 1 балалар хирургі, 1 оториноларинголог).

 

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы

 

Ауданның ауылдық елді мекендеріне білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру және мәдениет саласында тұрақты жұмыс істеуге келген мамандарға «Дипломмен ауылға» жобасы шеңберінде әлеуметтік қолдау шаралары ұсынылды. Аталған бағдарлама аясында 2019 жылы 96 жас маман 21412 мың теңге көтерме жәрдем ақыларын алды. Оның ішінде: (білім беру саласы-65 маман; денсаулық сақтау саласы-21 маман; АӨК саласы-7маман, спорт саласы-3 маман. Тұрғын үй сатып алуға 138440 мың теңге 38  азамат тұрғын үй сатып алды. Оның ішінде (білім беру саласы-23 маман; денсаулық сақтау саласы-10 маман; мәдениет саласы-1 маман;  спорт саласы-1 маман, АӨК саласы- 3 маман).

 

 

 

 

 

 

 

Мәдениет және тілдерді дамыту

 

Ауданда барлығы 57 мәдени ошақтары (1 аудандық, 11 ауылдық мәдениет үйлер, 1 аудандық тарихи-өлкетану музейі, 2 аудандық және балалар кітапханасы, 35 ауылдық кітапханалар)халыққа мәдени қызмет көрсетеді.

         Мәдени-сауықтыру шараларды өткізу және ауыл тұрғындарының  бос уақытын тиімді пайдалану  мақсатында  аудан бойынша 69 үйірме ашылған, оларға 790 адам қатысады. Сондай-ақ, бес халықтық ұжым бар, есепті мерзімде барлығы «Халықтық» атағын қорғады, Әлжан ана ауылдық мәдениет үйінен ұсынылған  «Нұрсұлтан» би ансамблі осы қатарға қосылды.

Аудан бюджетінен көпшілік мәдени іс-шараға 10,2 млн.теңге бөлініп, 728 іс-шара өткізілді.

Аудан өнерпаздары халықаралық, республикалық, облыстық  түрлі жанрдағы конкурстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болды.

Сонымен қатар, өткен жылдың айтулы даталары да өздеңгейінде ұйымдастырылып өткізілді. Атап айтқанда, қазақтың әйгілі халық ақыны, әнші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері  Кенен Әзірбаевтың 135 жылдығына арналған ән байқауы  барлық ауылдық округтерде өткізіліп, жеңімпаздары  Кенен ауылдық мәдениет үйінде өткен кешенді мәдени іс-шараға қатысты.

Жоңғар басқыншылығына қарсы күрескен қазақ батыры Өтеген Өтеғұлұлының 320 жылдығы ауданымызда кең көлемде аталып өтті, яғни бұл шара аудандық мәдениет үйінде конференциямен басталып , Өтеген ауылында  жалғасын тапты.

Мәдениет үйлерінің материалдық-техникалық базаларын нығайтуға аудан бюджетінен 12,4 млн. теңге бөлінді. Сонымен қатар, аудандық мәдениет үйіне 4,2 млн.теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

«Жамбыл облысы бойынша елді мекендерді мәдениет нысандарымен қамту және олардың халыққа қызмет көрсету деңгейін арттыру» картасына енгізілген үш нысанның, атап айтқанда Отар, Жамбыл, Қарасу ауылдарында  2019-2021 жылдар аралығында  мәдениет үйінің құрылысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге 12,0 млн теңге қаржы қарастырылды.

Аудан бойынша барлығы 37 кітапхана жұмыс істейді. Кітап қорын толықтыру мақсатында аудан бюджетінен бөлінген 1,4 млн.теңгеге 1074 дана кітап сатып алынып, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітап қорының жалпы саны 345166 дананы құрады.

Кітапхананың материалдық техникалық базасы аудан бюджеті есебінен 10,0 млн. теңгеге нығайтылды. Оның ішінде, Білім орталығын (Коворкинг) ашуға – 1,5 млн теңге, цифрландырылған ақпараттық орталықтар ашуға – 8,3 млн. теңге бөлініп,  Степное, Кенен ауылдық кітапханаларынан 2 Коворкинг орталығы, Степное, Кенен, Қаракемер, Сарыбұлақ, Қайнар, Ауқатты, Масанчи, Сортөбе, Алға, Сұлутөр, Қарасай, Қарасу, Шарбақты ауылдық кітапханаларында 13 цифрландырылған ақпараттық орталықтар ашылып, аудан тұрғындарына e.gov.kz порталы мен «cao-zhambyl.kz» сайты арқылы мемлекеттік қызмет түрлері көрсетілуде.

Аудан бойынша 2019 жылы жаңа үлгідегі көше атауының аншлагтарына 22,6 млн. теңге қаржы бөлініп, 273 көшенің аншлагтары жаңартылды.

«Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында  2019 жылы өңірде тіл саясатын жүзеге асыруға аудандық бюджеттен 1,0 млн. теңге бөлініп, әртүрлі байқаулар өткізілді. Ауданда мемлекеттік мекемелердегі шығыс құжаттарындағы мемлекеттік тілдің үлесі 100 % құрады.

Дене шынықтыру және спорт саласы

ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиялық Жолдауында   салауатты өмір салтын қалыптастыру және 2020 жылға дейін елімізде дене шынықтырумен шұғылданатын халықтың пайыздық көрсеткішін 30% жеткізу туралы нақты тапсырма берілген. Осы бағытта, аудандағы  бұқаралық спортты дамытуға барынша жағдай жасалып, атқарылған жұмыстардың арқасында биыл  бүгінде жүйелі түрде дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын, барлық  жастағы тұрғындардың саны 43313 адамға немесе 30 пайызға жетті.

Жалпы ауданда соңғы жылдары спорт саласында айтарлықтай жұмыстар атқарылып, спорт нысандарның қатары көбейіп келеді. Өткен жылы Қордай ауылында спорт кешені қолданысқа берілсе, биылғы жылы 13 ауылдық округке стритворкаут спорт алаңшалары салынды. Сондай-ақ, ауданымыздың спорт саласының жанашыр азаматтары бірқатар спорттық нысандарды өз қаражаттары есебінен салуды жоспарлап, көпге үлгі боларлық іс атқарғалы отыр. Мәселен, ағымдағы жылы Қордай ауылына еркін күрес, бокс залын және Ноғайбай, Қордай, Қарасу, Жамбыл ауылдарына шағын футбол алаңдарын салуды жоспарлап отыр.

Ауданда жыл басынан жалпы жоспарлы және жоспардан тыс 232 спорттық іс-шара өткізіліп, 27118 адам қатысты. 2019 жылы «грек рим» спорт түрі қосылып, қосымша 5 топ ашылды.

Спорт саласына деген осындай қолдаудың арқасында 2019 жылы аудан спортшылары халықаралық деңгейдегі жарыстарда жеңіске жетіп, нәтижесінде  3 спорт шебері (еркін күрес-1, қазақ күресі-1, дзюдо күресінен-1) 11 спорт шеберіне үміткер (бокс-6, кикбоксинг-2 және кёкушинкай каратэ-до-3 ). Сондай-ақ, бірінші жасөспірімдік разрядын 3, екінші дәрежелі жасөспірімдік разрядын 4 спортшылар және 1 жаттықтырушы біліктілігі жоғары деңгейдегі бірінші разрядты иеленді.

 

Жастар саясаты

 

Елімізді өркендетіп, мемлекетімізді көркейту үшін сапалы білім мен саналы тәрбие алу – жастардың басты міндеті.

Бүгінгі таңда аудандағы жастар үлесі 31253 адамға жетіп, жалпы халық санының 23,3 % пайызын құрап отыр. Аудан жастарымен аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-і тығыз қарым-қатынас орнатып, ауданда жастар саясатын жүзеге асыруға септігін тигізіп отыр.

Баршаңызға белгілі 2019 жылы елімізде «Жастар жылы» аталып өтті. Еліміздің барша аймақтарымен қатар, біздің ауданымызда да биыл жастарға айрықша қолдаулар көрсетілді. Биылғы жылы аудандағы бірқатар  жастар өз кәсібін ашуға мүмкіндік алды. Атап айтсақ, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Жас кәсіпкер», «Бастау Бизнес», «Еңбек» бағдарламалары шеңберінде 276 жас оқып, өз жобаларын қорғау нәтижесінде 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (505,0 мың теңге) 139 млн. 380 мың теңге көлемінде қайтарымсыз гранттарды иеленді.  (115 жас – ірі қара мал асырау, 12 жас – құс шаруашылығымен айналысу, 10 жас – тігін ісімен айналысуға, 12 жас – наубайхана ісімен айналысуға, 5 жас – сұлулық салондарын ашуға, 3 жас – техникалық жөндеу орталықтарын ашуға және 119 жас т.б кәсіп түрлерімен айналысуда).

Содай-ақ, жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында Степной, Қайнар ауылдық округтерінде аула клубтары ашылып, бүгінгі таңда материалдық техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілуде. Мұнда ауыл жастары үстел теннисі, дойбы ойнауға мүмкіндіктері бар.

Жастарға деген қолдаулар мұнымен шектелмей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жастар жылының» қорытынды форумы барысында 2020 жылды Волонтерлар қозғалысының жылы деп жариялады.

 

 

Қылмыстық құқық бұзушылыққа қарсы күрес

Аудан тұрғындарының қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қадағалау мақсатында 2019 жылы Қордай ауданы аумағында жалпы 668 қылмыс (2018 жылы 758 қылмыс) тіркеліп, ашылуы 68,5 (2018 жылы 66,9%) пайызды құрады, яғни 2018 жылмен салыстырғанда қылмыс – 11, 9 пайызға төмендеген.

Қылмыс түрлері бойынша:

– мал ұрлығы-6,1% (33-тен 35-ке дейін) өскен,

– қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар (111-ден 110-ға)- 0,9 % төмендеген,

– кәмелетке жасы толмағандармен жасалған қылмыстар (23-тен 12-ге) – 47,8 % төмендеген.

2019 жылы Қордай аудандық полиция бөлімі қызметін одан әрі жандандыру мақсатында учаскелік полиция инспекторларына 28 қызметтік авто көлік, әкімшілік хаттамаларын электронды толтыру үшін 30 дана мобильдік планшет, 30 дана мобильді термопринтер және 25 дана бейнетіркегіштермен қамтамасыз етілді.

 

Алгоритм

Жамбыл облысы әкімінің 2019 жылғы 13 наурыздағы «Жамбыл облысы жергілікті атқарушы органдардың жұмыс алгоритмдерін бекіту туралы» №70ө өкіміне сәйкес, өткен жылы өзімнің төрғалығыммен ауданда 34 аппараттық кеңес, 14 рет – түрлі сала өкілдерімен кездесу,  9 рет – ауданның осал топ өкілдерімен кездесу ұйымдастырылды және  16 – ауылдық округке жұмыс сапарымен бардым. Ауылдық округтерге жұмыс сапары барысында аудан әкімімен кездесуге 2540 адам қамтылып, тұрғындар тарапынан 134 мәселе көтерілді. Оның ішінде: ауылшаруашылығы саласы – 2, жер мәселесі – 14, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы саласы – 14, ауыз су, газдандыру – 18, жол жөндеу – 9, кәсіпкерлік саласы – 2, жұмыспен қамту және әлеуметтік көмек – 2, білім саласы – 7, денсаулық сақтау саласы – 10, абаттандыру – 4, басқа мәселелер – 52.

Бүгінгі күнге көтерілген мәселелердің 30 сұрағы шешімін тапты, 71 сұраққа сол жерде түсініктеме берілді, 33 сұрақ орындалуда.

Сонымен қатар, 2019 жылдың 18 шілдесінде облыс әкімінің баспасөз қызметімен келісілген кестеге сәйкес облыстық телеарнада «әкімдік сағаты» бағдарламасы және баспасөз конференциясы өткізілді.

 

 

БАҚ жұмыс

ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың төрағалығымен 27 наурыздағы өткен кеңесте берген тапсырмасына сәйкес, басқарма басшылары, Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің әлеуметтік желілерде жұмыс жасауды тапсырған. Бұл жұмыстар біздің ауданда өткен жылы бастау алды. Ауданда ақпараттық саясатты әлеуметтік желілерде жүргізу мақсатында аудан әкімдігінің фейсбук және инстаграмм желісінен «Қордай ауданы әкімдігі» парақшалары ашылып, аудан жаңалықтары тұрақты түрде жариялануда. 2019 жылы инстаграмм әлеуметтік желісінде – 1095, фейсбукте – 1130, аудан әкімдігінің ресми сайтында – 266 материал жарияланды. Жалпы, 10 мыңға жуық оқырман қамтылып, фейсбуктағы ақпараттық алаңның 95% мемлекеттік саясат, 5% өзге тақырыптар.

Тағы бір ақпараттық алаңы ретінде жергілікті тұрғындармен кері байланыс орнату мақсатында аудан әкімдігінде баспасөз орталығы ашылды. Баспасөз орталығында тамыз айынан бастап аудан әкімдігіне қарасты бөлім, мекеме басшыларының және ауылдық округ әкімдерінің жұмысына ақпараттық қолдау көрсету  мақсатында 35 баспасөз конференциясы өтті. (19 ауылдық округ әкімі, аудан әкімдігіне қарасты 13 бөлім мен 3 мекеме басшылары).

Конференция барысында  әр мекеменің атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарлары бойынша баяндама тыңдалып, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің және «Facebook», «instagram» әлеуметтік желілеріне аудан тұрғындарынан түскен сұрақтарына жауап берілді.

 

 

 

Құрметті ауыл тұрғындары!

2019 жыл қасиетті Қордай ауданы үшін табысты жыл болды. Ауданымызда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті мен Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын міндеттерді орындауда аймақ басшысының қолдауымен бірқатар жұмыстар жасалды. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жақсарып, көптеген мәселелер шешімін тапты. Салық түсімі ұлғайып, ауданның бюджеті өсті. Ауыл шаруашылығы саласындағы жетістік ауыз толтырып айтарлықтай. Атқарылған жұмыстар халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, өтініш-тілектері мен көтерген мәселелерін шешу мақсатында жүргізілді және бірқатар мәселелер шешімін тапты. Аудан халқымен өткен жылғы есепті кездесуде айтылған ұсыныс-пікірлер бойын­ша іс-шаралар белгіленіп, бүгінгі күнге олардың көпшілігі өз шешімін тапты. Сондай-ақ, бақы­лауға алынған мәселелердің негізгі бөлігі құрылысты және жөндеуді қажет ететін жұмыстар. Олар бойынша тиісті жоғары тұрған органдарға ұсыныстар берілді және кезең-кезеңімен шешімін табатын болады.

Зейін қойып тыңдағандарыңызға рақмет!

 

 

 

 

 

 

 

 


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
Разработка и поддержка сайта