home
home home

Аудан әкімі Б.Байтөленің 16 желтоқсан – ҚР Тәуелсіздігі күнімен құттықтауы

Аудан әкімі Б.Байтөленің 16 желтоқсан – ҚР Тәуелсіздігі күнімен құттықтауы

Құрметті жерлестер!

Қадірменді ағайын!

Әр ұлт, әр халық үшін тәуелсіздіктен артық қымбат ештеңе жоқ. Тәуелсіздік – ел мен жердің, халықтың баға жетпес байлығы. Осыдан 28 жыл бұрын 16 желтоқсан күні еліміз дүние жүзіне егемендігін жариялап, мәңгілік ел болудың алғашқы қадамын жасады. Ата-бабаларымыздың арманы ақиқатқа айналып, азаттыққа қолымыз жетті. Сондықтан да бұл күн әрбір қазақстандық үшін ұлы күн. Арманымыздың асқары, бақытымыздың бастауы болған осындай тарихи мереке – Тәуелсіздік күнімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!

«Өткенін білмей, болашақ болмас» дейді дана халқымыз. Егеменді еліміздің бүгiнгi жеткен жетістігін тарихымыздың арғы шежiресiнен қарайтын болсақ, бүгінгідей абыройы асқан, экономикасы дамыған, болашағына нық сенген Қазақстан болған емес. Осы Тәуелсіздікке қол жеткізу жолында еліміз талай қиын-қыстау кезеңдерді бастан өткізді. Дегенмен, ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халқымыздың бірлескен еңбегінің арқасында аз уақыт ішінде дәулеті мен сәулеті жарасқан қуатты елге айналдық. Мемлекеттік шекарамыз айқындалып, іргеміз ажырамастай бекітілді, ұлтаралық татулық орнады. Елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласы әлемге танылып, халықаралық, саяси шаралардың орталығына айналды. Мәңгілік ел болуды мақсат етіп, дамыған 30 елдің қатарына кіруге ұмтылған еліміздің жеткен әрбір жетістігі мен табысы барша қазақстандықтардың ортақ еңбегі мен өзара татулығының арқасында. Мәңгілік ел идеясының маңына топтасқан қазақстандықтардың мақсат-міндеттерінің бар-лығы да бүгінгі күні «100 нақты қадам» Ұлт жоспарынан және еліміздің әл-ауқатын одан әрі арттыруға бағытталған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы мен халықтың рухани санасын тереңдетіп, ұлттың болмысын сақтауға бағытталған ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» сынды мақалаларының аясында туындап отыр.

«Бағалай білгенге бақ қонады» демекші, бүгінде мемлекеттің саясатын қолдаған түрлі этнос өкілдері Отанымызды өркендетуге атсалысып, ынтымақта өмір кешуде. Бұл түрлі этностар біте қайнасып, бірлікте өмір сүріп жатқанын өз ауданымыздан да көруімізге болады. Еліміздің осындай биіктерді бағындыруына, әлеуметтік-экономикалық дамуына қордайлықтар да ай-тарлықтай үлес қосып келеді. Сондықтан, Тәуелсіздіктің әрбір жылының біз үшін мәні бөлек, тағылымы терең. Алғашқы жылдардағы қиындықтарды артқа тастаған ауданның бүгінде экономикалық және әлеуметтік дамуында серпінді қадамдар жасалуда. Экономикамызды өсіруге, аудан бюджетін толықтыруға үлкен сеп болатын инвестиция тарту бойынша ауданда орасан зор жұмыстар атқарылуда. Мәселен, экономиканың негізгі тірегі – өнеркәсіп саласында өндірілген өнімнің көлемі артып, ертеңгі күнге деген сеніміміз арта түскендей. Бұл ауданның дамуына қосылып отырған қомақты үлес.

Тәуелсіздік жылдары мемлекеттік Үде-мелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын орындауда ауданымыз жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Аталған бағдарлама аясында «Централ Азия Голд Продакшн»,  «Виста интернейшнал», «ВетроИнвест», «Ақ тас», «Green Will», «Қордай корм» және «Aurum Deutschland» жауапкершілігі шектеулі серіктесігі сынды нысандар іске қосылып, бүгінде ірі кәсіпорындарға айналып отыр. Аудан экономикасын алға сүйрейтін бұл өндіріс орындарының алға қойып отырған жоспарлары да ауқымды.

Тәрбие балабақшадан басталады. Тәуелсіздік жылдары ауданда жаңа балабақшалар ашылып, соңғы  жылдары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында мектепке дейінгі тәрбиемен қамту мәселесі оңтайлы шешімін тапты. Сонымен қатар, тек өткен жылдың өзінде Көктөбе және Соғанды ауылдарында жаңа мектеп ғимараты оқу жылында қолданысқа берілсе, ағымдағы жылы Қордай, Қаракемер, Қайнар ауылдарындағы орта мектептерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал, Қалғұты және Күнбатыс ауылдарында жаңа мектептің құрылыс жұмыстары басталып, келесі жаңа оқу жылында қолданысқа беріледі деп күтілуде.

Әр мерекені жағымды жаңалықпен, жаңа бастамамен қарсы алатын Қордай ауданында дәстүрге сай Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ел игіліне бірқатар нысандарды беру жоспарлануда. Атап айтсақ, Степной, Сарыбастау, Бел ауылдарында дәрігерлік нысандар қолданысқа берілсе, Әлжан ана ауылында сумен қамту жүйесінің салтанатты ашылуы өтеді.

Ардақты ағайын!

Тәуелсіздік жылдарындағы Қордай ауданы-ның жеткен жетістіктері осындағы Сіздер мен біздердің бірлескен жұмысымыз бен ынтымағымыздың жемісі деп білемін.

Ата-бабамыз ғасырлар бойы армандап өткен тәуелсіз ел болу мәртебесін көру – бүгінгі ұрпаққа бұйырған зор бақыт. Осы қуанышымыз құтты, бақытымыз баянды, қайта түлеген, жасарып, түрленген еліміздің тәуелсіздігі тұғырлы болғай!

Сіздерді Тәуелсіздік мерекесімен тағы да құттықтай отырып, зор денсаулық, бақ-береке, отбасыларыңызға амандық тілеймін!

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

 


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
Разработка и поддержка сайта