home
home home

Ауасы таза, табиғаты тамаша мекен

 

-Ауылымыз кішігірім Швейцария секілді. Көрдіңіз бе ауасы таза, табиғаты тамаша, – дейді Күнбатыс-1 ауылының тұрғындары.

295 тұрғыны, 47 түтіні бар ауылда сырттан келген жан баласы жоқ. Мұндағылардың барлығы бір-біріне туысқан, бауыр, ағайын.

Ауылға кіреберісте бізді ауыл тұрғындары қарсы алып, елді мекеннің бүгінгі тыныс-тіршілігін ағынан ақтарды. Негізінен мұндағы ағайын мал шаруашылығына ден қойған. №11 негізгі мектеп филиалы болып табылатын ғимараттың 1-4 сыныбында 22 оқушы оқиды. Жақын арада ауылға көгілдір отын кірмек.

Айта кетсек, ауылда қазір 3-4 келушіге арналған ескі медициналық пункт жұмыс істейді. Ол әзірше мектеп ғимаратында орналасқан. Тәжірибелі медбике Ләззат Байгутова науқастанған жерлестерін осында қабылдап, ем-дом жасап, қажет болған жағдайда Масанчи немесе Қордай ауылдарына жолдама береді.

-Қазір тұмауға қарсы екпе жасау жұмыстары жүргізілуде, мен тұрғындарға жалғыз қызмет көрсетемін, сондықтан жұмыс жеткілікті. Жаңа ғимарат қолданысқа берілген соң сонда көшерміз, – дейді ол.

Расында, ауылда көптен күткен заманауи медициналық пункт бой көтереді дегенді естіген ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ еді. Қазіргі таңда ғимараттың іргесі қаланып, ішіндегі аздаған әрлеу және ауласын абаттандыру жұмыстары қалған. Осы маңнан кезіктірген ауыл тұрғыны Наурыз Урмет бізге құрылысы аяқталып қалған ғимаратты көрсетті. Айта кетерлігі, ол медициналық нысанды салуда құрылысшыларға көмектесіп қана қоймай, құрылысқа өз иелігіндегі 10 сотық жерін де бөліп берген. Наурыздың айтуынша, құрылысқа жерді анықтау үшін аудан орталығынан комиссия келгенде ол бірден оларға өз жерін ұсынған.

– Менің 35 сотық жерім бар еді. Соның бір бөлігін медпункт құрылысына бөліп бердім. Бір үлкен іс атқардым деп ойламаймын. Өйткені медициналық пункт ауыл тұрғындары үшін салынып жатыр. Орналасқан жері де ыңғайлы – орталық көшеде.

Кейін білгеніміздей құрылысы жүріп жатқан нысанға қарама-қарсы жерге шағын футбол алаңшасын салу жұмыстары жоспарланған екен.

Ауыл мектебінде сабақтар дәстүрлі түрде өтеді. Бастауыш сынып мұғалімдері Айжан Ақылова мен Сандуғаш Айтелбаева санитарлық нормалардың сақталуын қатаң бақылайды екен. Мектепке кіреберісте балалардың дене қызуы өлшеніп, оқушылардың қолдары залалсыздандырғыш заттармен өңделеді. Балалар бетперде тағып, сыныптар жиі желдетіліп, әр екі сабақ сайын ылғалды жинау жұмыстары жүргізіледі. Бастауыш сыныпты аяқтаған балақайлар оқуын №11 НМ немесе Абай атындағы №3 ОМ жалғастырады. Күнбатыс-2 ауылында оқитын оқушыларды тасымалдау мәселесі де ұйымдастырылған.

-Мен ауылдан көшпеймін. Ауылда тұрғаныма 27 жыл болды. Мұнда бөтен адам жоқ. Бәріміз бір-бірімізге туыспыз. Асарлатып мешіт жанынан асхана салдық. Ауылда өтетін шараларға бәріміз қатысамыз. Біз де мал шаруашылығымен айналысамыз, сүт өнімін Масанчи ауылына, етті Алматыға немесе Қаракемер ауылына өткіземіз, – дейді Мұхтар Омаров.

Ауыл ақсақалы Қосай Өмірәлиевтің айтуынша ауылда бір ғана проблема бар, ол ауыз судың жетіспеушілігі. Бұл мәселе, әсіресе жазда өзекті болып табылады. Бұл жағдайды жақсы білетін округ әкімі жақын арада аталмыш мәселені шешіп беруге уәде беріп отыр.

Жалпы, ауыл тұрғындарының айтуынша ауылдың инфрақұрылымы жақсарып келеді. Жастардың қалаға үдере көшу мәселесі де тоқтаған.

Келесі кезекте біз Күнбатыс-2 ауылына жол тарттық. Тау бөктерінде орналасқан ауылдың ауасы таза, халқы қонақжай. Мұнда 115 аулада 774 адам тұрады. Ауылдың тынысымен бізді №11 НМ директоры Раушан Тұрғынбаева таныстырып, алдымен өзі басқарып жүрген мекемеге апарды. Мектепте 138 оқушыға 20 мұғалім сабақ береді. Балалар тоғызқұмалақ, волейбол үйірмелеріне қатысып, еңбек пәнінің мұғалімдері Ғалия Нүсіпбаева мен Венера Көпбаева балаларға киізден, қамырдан бұйым жасауды үйретеді. Мектептің дәлізінде балалардың қамырдан, майда моншақтан жасаған картиналары мен бұйымдары қойылған. Мектепте компьютерлік сыныптар, үстел теннисіне арналған жабдық, шағын спортзал бар.

Мектеп ғимараты апатты күйде болғанына қарамастан мұғалімдер тазалықты барынша сақтауға тырысатыны байқалып-ақ тұр. Сыныптар таза, әктелген, сырланған, терезе жақтауларына алуан түрлі гүлдер қойылған. Бұл мектепте де сабақ дәстүрлі түрде өтеді. Мектеп кітапханасы мектеп маңындағы ғимаратта орналасқан. Бұрын қараусыз қалған ғимаратты мектеп ұжымы бірлесе қалпына келтіріп, кітапхананы осында көшірген екен.

Ал, былтыр мұнда көптен күткен заманауи мектеп ғимаратының құрылысы басталып, 150 орынға арналған 3 қабатты нысанның құны 662,8 млн теңгені құраған. Қазір мектеп директоры күн сайын құрылыс алаңына келіп, құрылыс жұмыстарын бақылайды екен. Қосалқы мердігер «Шұғыла» ЖШС-нің өкілі Эрик Қадырқұловтың айтуынша құрылыс қарқыны ойдағыдай. Бүгінгі таңда мұнда 22 адам жұмыс жасайды, жақында тағы бір бригада жұмысқа кіріспек. Айта кетсек, құрылыс алаңында авторлық және техникалық қадағалау жұмыстары жүзеге асырылуда. Жаңа мектеп заман талабына сай болмақ. Оқу сыныптарымен қатар үлкен асхана, кең спорт зал, мәжіліс залы, шеберхана, кітапхана және т.б. бөлмелер қарастырылған. Мектеп маңында спорт алаңы, кіші сыныптар үшін ойын алаңдары мен жеке тұратын қазандық орналасады. Айта кетерлігі, №11 негізгі мектепте «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен келген жас мамандар жұмыс істейді. Олардың ауылдан кететін ойы жоқ. Р.Тұрғынбаева жаңа мектеп оқушылардың үлгеріміне ғана емес, бүкіл ауылдың өміріне оң әсерін тигізетініне сенімді.  Раушан Жікенқызы бізді медпунктке ертіп барды. Медицина мекемесінің ауласындағы гүлдер көздің жауын алады. 6 жыл бұрын пайдалануға берілген емдеу мекемесі 20 келушіге арналған. Ем іздеп келген жерлестерін медбике Рахилә Түрлімбетова қабылдайды. Шалғай орналасқан ауыл тұрғындары медицина қызметкерінің еңбегін жоғары бағалайды.

Медициналық пункт маңында ауыл клубы, кітапхана орналасқан. Сонымен бірге бір-екі қадам бассаңыз саябаққа жетесіз, оған экологтар күтім жасайды. Саябақ ауыл тұрғындарының сүйікті жеріне айналып үлгерген. Ауыл тұрғындарының көбі мал шаруашылығымен айналысып, бірқатары егін шаруашылығына ден қойған.

-Ауылда тұрғаныма 35 жыл болды. Жолдарымыз жөнделіп, су жүргізіліп, газ кіріп жатыр. Табиғатымыз тамаша, ауасы таза. Ауылымыз ерекше. Бұл жер бекерге Күнбатыс деп аталмаған, – дейді Раушан Тұрғынбаева.

Ләйлім ДОСЕМБЕКОВА

 


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.