home
home home

Атқарылған іс ауқымды

Атқарылған іс ауқымды

 

Аудан әкімі Болатбек Байтөленің келесі күнгі халық алдындағы есеп беру кездесуі Сортөбе ауылдық округінде жалғасын тапты. Кездесуге қатысқан тұрғындар ашық сұхбат алаңында маңызды мәселелерді талқылап, оларға тиісті жауап алды.

Жыл сайынғы дәстүрлі кездесуді асыға күткен Сортөбе ауылының тұрғындары 31 қаңтар күні ауылдық мәдениет үйінде жиналып, кездесу округ әкімі Ильяс Буларовтың есебінен басталды. Баяндамашы өз сөзінде өткен жылы атқарған жұмыстарын жіпке тізіп, 2019 жылға белгіленген жоспарларымен бөлісті. Қордай ауданындағы ірі округтердің бірі болып саналатын аймақта 23878 адам тұрады. Мұнда қайырымдылық шаралары тура жолға қойылған. Мәселен, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында кәсіпкерлер мен ауыл тұрғындарының демеушілігімен екі аз қамтылған отбасыға 10 млн. теңгеге тұрғын үй салынып, №16 орта мектебінің түлектері мен ұжымы мектепке 12 млн. теңгеге жүгіру жолы және жарық шамдары бар футбол алаңын сыйға тартқан.

Округ әкімінің есебінен кейін сөз кезегін Қордай ауданының әкімі Болатбек Байтөле алып, есепті мерзімде атқарылған жұмыстар мен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы оң өзгерістерді баяндады. Жалпы, ауданда соңғы жылдары жаңа шағын аудандар аумағы кеңейтіліп, әлеуметтік нысандар бой көтеріп, жолдар жөнделіп, білім беру және денсаулық сақтау мекемелері көптеп ашылып келетініне қараша халық куә.

Осы ретте Болатбек Байқонысұлы округ тұрғындарына қатысты мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына тоқталып өтті. Мәселен, «Автомобиль жолдарының қызмет етуін қамтамасыз ету» бағдарламасы бойынша жалпы ұзындығы 13,8 шақырым Сортөбе-Ауқатты-Қызылсай автожолының орташа жөндеу жұмыстарына республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, жұмыстар аяқталды. Әрине, бұл әрлі-берлі қатынаған тұрғындардың игілігі үшін жасалған шара. Баяндама аяқталған соң ауыл тұрғындары өз сұрақтарын қойып, аталмыш жұмыстың бастауында болған аудан басшысы мен ауыл әкіміне ризашылығын білдірді. Осы ретте, бірнеше ауылды байланыстырған күре жолдың жөнделгеніне ауыл тұрғындары атынан көпбалалы ана Ф.Паншарова қамқорлығы үшін Елбасыға, облыс басшысына аналық алғысын айтты.

Келесі кезекте округ тұрғындары шекарадан өту мәселесі төңірегіндегі сұрақтарын қойды. Мәселен, шекара маңындағы ауыл тұрғындары шекара қызметкерлерімен қарым-қатынас, сонымен бірге «Сортөбе» бақылау бекетіндегі кептелістерді алға тартты. Аудан басшысы бұл мәселеден хабардар екенін тілге тиек етіп, тиісті мекемелермен жұмыс жүргізілетінін жеткізді. Яғни, жуық арада әскери прокуратура мен шекара қызметінің өкілдері ауыл тұрғындарымен жиын және түсіндіру жұмыстарын жүргізулеріне қолғабыс етілмек. Сонымен қатар, ауыл тұрғындары «Қазпошта» бөлімшесінің жұмысына қатысты сұрақтарын қойды. Аталмыш сауалдарға мардымды жауаптар беріліп, аудан басшылығының назарына алынды. Ал, жиын соңында ауыл тұрғындары аудан әкімі мен ауыл әкіміне алғысын айтып, қанағаттанарлық деген бағасын берді.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
Разработка и поддержка сайта