home
home home

Ат ойнатып, көкпар тартып…

Ат ойнатып, көкпар тартып…

Ұлыстың ұлы күні мерекесін тойлау Ноғайбай би атшабарында өткен көкпар және бәйгеге ұласты. Бұл атқұмар жандардың көптен күткен күні десе де болады. Себебі, қыс бойы құмығып, қолда тұрған сәйгүліктердің бауыр жазып көсіле шабар маусымы осы Наурыз мерекесімен бастау алды.

 

Бұл күнгі көкпар үздік спортшы мен сәйгүлік баптайтын атбегілерді анықтап, аудан құрамасын анықтау мақсатында ұйымдастырылған жарыстың финалдық ойыны еді. Дүбірлі додаға кіл мықты аталған 4 команда қатысып, олардың арасынан ең үздіктерді анықтау оңайға соққан жоқ. Ақ серкені тақымына басқан білекті жігіттер барын сала намысты қолдан бермеуге тырысып бақты. Сондықтан әр кездесу тартысқа толы болып, әр ұтқан салым қатысушыларды жеңіске бір табан жақындата түсті. Осылайша, өзгелерден басым түсіп, керемет ойын өрнегімен көрерменнің ықыласына бөленген Қақпатас командасы үздік атанып, бас жүлде 100000 теңгені қанжығасына байлады. Екінші орынды Ауқатты командасы жеңіп, 50000 теңгені иеленсе, үшінші орынға Қордай және Жаңатұрмыс командалары жайғасып, 25000 теңгені еншіледі. Сонымен қатар, жүлдегерлер арнайы кубок, медаль және дипломдармен марапатталды.

Ал, ат бәйгесінің қызығы өз алдына. Бәйге десе ішкен асын жерге қойып, делебесі қозар жұрт түс ауа өткен жарысты күтті. Тай, құнан және бәйгенің төресі аламан жарысы жиналған көрермендердің көңілінен шықты. Үкілеп ат қосып, үміті ақталғандардың да қуанышында шек жоқ. Себебі, жүлделі орындарға тана, тай, жылқы және өзге де бағалы, ақшалай сыйлықтар тігілді. Ауданның түпкір-түпкірінен келген шабандоздар жалдарынан жел есіп, атқа оқша зулаған сәйгүліктерінің қарымын осы дүрмекте сынап көрді. Осылайша, жарыс нәтижесі бойынша үздіктер анықталып, олжаларын қанжығасына байлап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Наурыз – ұлттық салт-дәстүрімізбен қатар, ұлттық спортты дәріптейтін мереке. Ат спортының қызығына жиналғандардың ұйымдастырушыларға деген алғысы шексіз.

 


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.