home
home home

Әскерде өткен бір күнім

 

Ә.Нүсіпбаев атындағы №14 орта мектеп оқушылары Гвардиялық Умандық II дәрежелі Қарасай батыр атындағы 30212 әскери бөлімінде әскери өмірдің қыр-сырымен танысып, сарбаздардың қызметін байқап қайтты.

 

«Әскерде өткен бір күн» атты іс-шараға балалар үлкен қызығушылық танытты. Ал, мектептің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Әділ Райқұлов пен мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Болат Төреев оқушылардың патриоттық сезімін оятып, Отан қорғауға деген махаббатын жүректеріне қондыра білген сыңайлы. Жас та болса оқушылар сап түзеу, әскери қызметкерлерше адымдап жүріп, саптық өлең айтуды жақсы меңгергенін дәлелдей білді. Оны көрген әскери бөлім командирі және іс-шараға келген Ауған соғысының ардагерлері таңданысын жасырмай, жас қонақтарды жылы лебізбен қарсы алды. Әскери бөлім штабының алдында командирдің тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары Әзілхан Рысбаев оқушыларға әскери бөлімнің тарихын айтып, әскери мектептің қандай мамандар даярлайтынын баяндады. Артынша Ауған соғысының ардагері Сейдіғаппар Нұсқабаев сарбаз болудың маңызын, Отан деген ұлы ұғым, қастерлі сөз екенін айтып, патриоттық рухты жігерлендіре түсетін әңгімелердің тиегін ағытты.

 

Кейіннен әскерилер жас қонақтарды оқу корпусына шақырып, маман даярлау процесін өз көздерімен көруді ұсынды. Дәл сол уақытта корпуста «Т-72» танкі және «БМП-2» әскери машиналарының арнайы тренажерінде сарбаздар техниканы айдап, атуды үйреніп жатыр екен. Оқушылар ары-бері қозғалып жатқан тренажерді көріп, таңданысын жасырмады. Тіпті, кейбіреулері оған өздері отырып, айдап, қарсыласқа оқ жаудырып та көрді. Әрине, мұның бәрі жастарға үлкен әсер берді.

 

Келесі кезекте әскерилер оқушыларды жаттығу полигонына апарды. Әскери полигонда жасөспірімдер «БМП-2» әскери машинасының жүріс кезінде қарсыласқа оқ жаудыру әдісін тамашаласа, «Д-30» гаубицасынан атылған жойқын снаряд көрермендердің үрейін ұшырды. Сонымен қатар, олар автомат атып, граната лақтыруды меңгеріп жатқан сарбаздарды көріп, нысанаға қалай тигенін де байқады. Содан соң, оқушылардың арасында «АК-74» автоматын шашу-жинау жарысы ұйымдастырылып, үздіктер анықталды. Бөлім қызметкерлері оқушыларға әр түрлі қару-жарақтардың қолданылуын, улы газдан қорғайтын арнайы киімін кию әдісі сынды іс-қимылдарды көрсетті. Сондай-ақ, ұрыс алаңында қарсыластан қалай қорғану, қалай шабуыл жасау керектігін арнайы іс-тәжірибемен көрсетіп берді.

 

Қызықты, әрі танымды дүниелерге толы экскурсиядан соң оқушылар әскери асханаға барып, нағыз сарбаздың тамағынан ауыз тиді. Әскери бөлім қызметкерлері әскери өмірді ауқымды, қызықты жеткізе біліп, жастарға жігер мен қайраттылықты үйретті. Сондай-ақ, «АК-74» автоматын шашу-жинау жарысында жақсы көрсеткіш көрсеткен оқушыларды Алғыс хатпен марапаттаса, Ауған соғысының ардагерлері де №14 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Болат Төреевке және бірқатар әскери қызметкерлерге құрмет көрсетіп, Алғыс хат ұсынды. Әскердегі сарбаздардың шынайы өміріне көз жеткізген жастар Отан қорғауға дайын екендерін сеніммен айтып, әскери қаруларды, көліктерді көзбен көруге мүмкіндік берген ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді. Мектеп басшылығының осы іс-шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған әскери бөлімнің идеологиялық жұмыс жөніндегі аға офицері Гүлназира Самашоваға да алғысы шексіз.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
Разработка и поддержка сайта