home
home home

Асхаттың жеңісті жолы

Асхаттың  жеңісті  жолы

Қордайлық жуан жұдырықты жігіттердің әлемдік алаңдарда атой салуын алдымен Марат Мәзімбаев бастаған болса, спортшының жетістігін бертін келе оның ізбасарлары абыроймен жалғастырып келеді. Күні кеше Алматы қаласында өткен кәсіпқой бокс кеші соның бір айғағы болды.

 

Ауқатты ауылынан шыққан чемпион туралы газетімізде осыған дейін сан мәрте жазған болатынбыз. Болашақта Асхаттың жарқын жеңістері турасында әлі де жақсы жаңалықтармен бөлісіп тұрарымыз бек мүмкін. Өйткені, тегеуріні мықты жігіттің алға қойып отырған мақсаты таудай. Кикбоксингтен Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Азия чемпионы және Әлем кубогының иегері Асхат Жантұрсынов соңғы жылдары кәсіпқой боксқа бет бұрған болатын. Таңдауы оны алдамапты. Алғашқы жекпе-жегін Америка Құрама Штаттарында жергілікті спортшыға қарсы өткізіп, екінші раундта техникалық нокаутпен ұтқан Асхаттың кәсіпқой бокстағы жеңісті жолы осылай басталған болатын. Алматы төрінде өткен бокс кешінде Асхаттың қарсыласы өте тәжірибелі грузиялық спортшы Рамази Гогичашвили болды. Кәсіпқой бокста 22 жеңісті кездесу өткізген Рамазиға небәрі үш кездесу өткізген жерлесіміз қарсы тұрып, жан алысып жан беріскен жекпе-жекте төрешілер шешімімен Асхат жеңімпаз деп танылып, әлемдік рейтингтің көрсеткішіне тағы да түзету енгізді. «Әр спортшы үшін өз елінің байрағын биікке көтеруден асқан бақыт жоқ. Алты раундқа белгіленген жекпе-жекті аяғына дейін өтіп, жеңіске жеттім. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе болды. Мені қолдаған жандарға, бапкерлеріме және әрдайым спортта демеп жүрген Асқар Жұмабаев ағамызға алғысым шексіз», – деп жазыпты Асхат осы жеңісінен кейін әлеуметтік желідегі парақшасына.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
Разработка и поддержка сайта