home
home home

Асарлатқан ағайын бауырларды баспаналы қылмақ

 

Қазақ халқында дәстүр көп. Әрқайсының өз бағыты мен мағынасы, мәні болады. Солардың ішінде «Асар да» бір дәстүр. Алайда, бұл дәстүрді өзгелерден ерекше ететіні сауабының молдығы, пайдасының пайымдылығы. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген мақал да осыдан қалса керек. Ертеден қалыптасқан асарлату дәстүрінде көмекке келетін көпшілік ақы сұрамайды, керісінше қажет жанға керегін ала келеді.

 

Жуырда Жамбыл облысының әкімі Б.Сапарбаевтың және облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің бастамасымен «Асарлатып үй салу» жобасы облыс көлемінде бастау алып, ауданымызда тамаша қолдауға ие болды.  Аздаған уақыттың ішінде Қордай ауданында тұрғын үйге мұқтаж 25 отбасы анықталып, 2020 жылдың соңына дейін ежелгі дәстүрмен оның ішіндегі 15 отбасын үймен қамтамасыз ету жұмыстары басталып та кетті. Биылғы жылы «Асармен» Алға, Жамбыл, Степное, Қасық, Ауқатты, Қарасу, Отар ауылдық округтерінде тұратын көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі, әлеуметтік аз қамтылған және жалғызбасты аналар баспаналы болмақ.

Солардың бірі, Әлжан ана ауылындағы жұмыстарға аз-кем тоқтала кетсек. Аталмыш ауылда анасынан ерте айырылған, әкенің қамқорлығынсыз қалған екі ағайынды жас балалар бар. Облыстан бастау алған игілікті іс аясында ауылдық округ әкімдігінің ұйытқы болуымен және ауыл кәсіпкерлерінің бірігуімен бос тұрған үй қазір толықтай жөндеуден өтуде. Есік-терезелері ауыстырылып, іші әктеліп, сырланып, есік алдындағы ескі қоралар техниканың күшімен сүріліп, жайлы өмір сүруге барлық жағдай жасалуда.

«Ендігі кезекте газ бен электр желісіне қосу мәселесін шешу жолдарын қарастырудамыз», – дейді ауылдық әкімдіктің мамандары. Қолға алынған жұмыстарды бақылауды аудан әкімі Рүстем Дәулет өз бақылауына алған. Жақында аудан басшысы ауылға арнайы барып, «Асарлатып үй салу» жобасының іске асу барысымен жеке танысып қайтқан болатын.

Шын мәнінде ауыл болып жұмылып, асарлатқан ағайын өмірдің қиын жағдайына тап болған жастарды баспаналы еткелі отыр. Жұмыстар бұл қарқыннан тоқтамаса көп ұзамай екі бауыр қоныс тойын тойламақ.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.