home
home home

АРМИ-2019

Ауданымыздан орын тепкен 40-шы «Отар» әскери базасында дәстүрлі «АрМИ-2019» халықаралық армиялық ойындары басталды. Осымен бесінші рет ұйымдастырылып отырған атаулы шарада еліміздің айбынды әскери қызметшілері өздерін тек жақсы қырынан көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінуде.

Сайысқа әлемнің 13 мемлекетінен келген әскерилер бақ сынайтындығын ескерсек, сайдың тасындай іріктеліп алынған біздің жігіттер жерге қаратпасы анық. Әскери ойындардың ашылу салтанатында ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, РФ Қорғаныс министрінің орынбасары Александр Фомин қатысты.

 – Ресей Федерациясы Қарулы күштерінің бастамасымен басталған халықаралық армия ойындары биыл 5 жыл қатарынан өткізіліп жатыр. 5 жылда сайыстардың мазмұны кеңейіп, маңызы арта бастады. 39 елдің әскерилері қатысатын жарыстар 10 мемлекет аумағында өтуде. Байқаулар саны 14-тен 32-ге артты. Бұл ойындардың дәрежесі бұрынғыдан да артып, халықаралық жарыстардың деңгейіне жетеді деген ойдамыз. Көшпенді халықтарда ұлттық ойындардың көбі ер азаматтардың әскери қабілетін арттыруға бағытталған. ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында осыны ерекше атап, оған үлкен мән берген, – деді ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев.

«Отар» әскери базасының аумағында 7-15 тамыз аралығында Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Венесуэла, Зимбабве, Мысыр, Иран, Қырғызстан, Ресей, Сирия, Тәжікстан, Өзбекстан, Қытай елдерінен келген қатысушылар дронды ұшыру, артиллериялық қарудан оқ атудан бақ сынайтын болады. Артиллериялық қарудан оқ атуға 12 елдің әскерилері қатысса, пилотсыз ұшақ ұшырудан 4 ел өзара сайысқа түспек. Байланысшылар сайысында байланысшы әскерилер басқару дабылдарын қабылдау, қабылдау стансасын ашу, байланыс торабын ауыстыру бойынша шеберліктерін көрсететін болады. Жалпы, армия ойындарында 32 спорт түрі болса, қазақстандықтар соның 16 түрі бойынша сынға түсетін болады.

Айта кетсек, ауданымызда дәстүрлі түрде өткізіліп жүрген Халықаралық «АрМИ-2019» ойындарына облыс әкімінің орынбасары Бекболат Орынбеков пен аудан әкімі Болатбек Байтөле бастаған Қордай ауданының делегациясы қатысты. Іс-шара соңында ҚР Қарулы Күштер саласының ардагерлеріне арнап кең дастархан жайылып, кең көлемді концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

 


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.