home
home home

Ардагерлерге көлік сыйлады

Ардагерлерге көлік сыйлады

 

Қазақ халқы ежелден үлкенді сыйлап, құрметтеп келген. Себебі, қария әрқашанда ақыл-кеңесші, өнеге алатын, тәрбие беретін, үлгі тұтар жан. Ал, шежірелі қарттар сарқылмас тәрбиенің қайнар бастауы. Ауылда қария болса ырыс пен береке үзілмейтіні де рас. Бүгінде үлкендерге айтарлықтай көңіл бөлініп, Үкімет тарапынан жан-жақты қамқорлық жасалуда. Соған дәлел ретінде жақында ардагерлер кеңесіне сыйға тартылған темір тұлпарды айтса болады.

 

Кезінде еліміздің өсіп-өркендеуіне елеулі еңбегімен өзіндік үлесін қосқан ардагерлер кеңесінің мүшелері бүгіндегі қоғамдық өмірге белсене қатысып келеді. Түрлі іс-шарадан қалмайтын қариялар, өскелең ұрпаққа тәрбие беруден де жалыққан емес. Ардагерлер кеңесінің өздері отыратын кеңсесі, жұмысқа қажетті жабдықтары бар. Енді міне, ауыл арасында қатынайтын жаңа көлік ардагерлерге салтанатты түрде табыс етілді. Аудан әкімі Болатбек Байтөле ардагерлерді көлікпен қамту мәселесін о бастан қаперге алған болатын. Аудан басшысының бұл бастамасын қолдаған демеуші де табылды. «Азия Сад» ЖШС ұсынған «Киа Рио» көлігі ардагерлердің көңілінен шыққаны рас. Болатбек Байқонысұлы қарияларды бұл қуанышымен құттықтап, ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбетке темір тұлпардың кілтін табыстады.

– Болатбек Байқонысұлы жаңа көлік қарастыруға уәде берген болатын, айтқан уәдесінде тұрды. Бұл аудан басшысының бізге деген қамқорлығының айқын көрінісі. Барша ардагерлер атынан сізге үлкен алғыс айтамыз. Енді біз қалаған жерімізге еш қиындықсыз қатынауға керемет мүмкіндік алдық, – деді өз кезегінде Біржан Әбдікерімұлы.

Кейіннен Біржан Әлімбет «Азия Сад» ЖШС директоры Рахим Машухейге рақметін айтып, жұмысына табыс, отбасына амандық тілеп, қазақи дәстүрге сай иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Ардагерлерді құттықтауға келген көпшілік игі тілектерін айтып, қуаныштарына ортақ екендерін білдірді. Содан кейін ардагерлер жаңа көлікке отырып, жүрісін байқап көрді. Аудан басшылығы мен жомарт жандардың осындай игі істері мұнымен тоқтамайтынына сенім мол.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
Разработка и поддержка сайта