home
home home

АРДАГЕРЛЕР ЖЫЛЫЖАЙДА БОЛДЫ

АРДАГЕРЛЕР ЖЫЛЫЖАЙДА БОЛДЫ
Өткен аптада аудандық ардаргерлер кеңесінің мүшелері «Greenwill» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің аквапоника жүйесі қолданылған өндірістік жылыжайында болып, заманауи нысанның жай-күйімен танысты.
Айта кетсек, ақсақалдармен бірге жылыжайға аудан әкімі Б.Байтөле, аудан әкімінің орынбасарлары Б.Саниязов пен Е.Орынбаев, аудан әкімі аппаратының басшысы М.Күзербаев барды. Қонақтарды серіктестік өкілі А.Бегимов қарсы алып, жылыжайдың ерекшеліктерімен таныстырды. Резервуардағы су биосүзгілер арқылы қоқыс пен аммонийден тазартылып, құнарлы заттармен байытылған су түтікшелермен өсімдіктерге түседі.
Естеріңізге сала кетсек, бұл әдіс арқылы «Айсберг», «Руккола», «Листовой», «Роблен» сынды 300 тоннадан астам салат түрлері мен 40 тоннадан астам тилапия балығын өсіру жоспарланып отыр. Ақсақалдар өсімдік өсіп тұрған платформа астында балық өсіретін резервуарды көріп, өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алды.
Аудан әкімі Болатбек Байтөле жоба Жамбыл облысының кәсіпкерлікті дамыту картасына енгізілгенін және жылыжай құрылысына 0,6 га жер бөлінгенін айтып өтті. Құны 923 миллион теңгені құрайтын жоба «Агронесие корпорациясы» АҚ және Оңтүстік Кореялық MANNA CEA компаниясының қаржылық қолдауымен іске асырылуда. Сонымен бірге, аудан басшысы инвестициялар, аудандағы агроөнеркәсіптік және өндірістік секторлардың дамуы турасында сөз қозғап, ардагерлердің сұрақтарына жауап берді.
– Бүгін біз жаңа табысты бизнес бастауына куә болдық. Аквапоника – ауыл шаруашылығын жүргізудің жоғары технологиялық тәсілі. Бұл табиғи таза өндіріс. Өңіріміздің экономикалық дамуына серпін беретін бұл жоба біздің ауданымызда іске асырылып жатқаны қуанышты, – деп ағынан жарылды ақсақалдар.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.