home
home home

Ардагерге құрмет – ерлікке тағзым

Ардагерге құрмет – ерлікке тағзым

Жеңіс күні қарсаңында аудан әкімі Б.Байтөле, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Әлімбет Ұлы Отан соғысының қатысушысы, ардагер ұстаз Қайын Керденді құттықтап үйіне барды. Ақсақал қонақтарды қуана қарсы алып, қатты күткенін де жасырмады. Аудан басшысы майдангерді мейраммен құттықтап, аудан тұрғындарының атынан ерен ерлігі, тыныштық пен бейбітшілік үшін алғыс айтты.

 

Қайын ақсақал өз кезегінде аудан басшылығы мен қонақтардың жұмыстарына табыс тілеп, туған жерінің көркейіп-гүлденіп жатқанына ризашылығын білдіріп, батасын берді.

Қария ауданда, облыста, елде орын алып жатқан барлық оқиғалардан хабардар екенін, Қазақстанның экономикалық табыстары мен жерлестерінің жеңістері үшін қуанатынын жасырмады. Өзінің әскери борышын абыроймен атқарып, жаумен соғысып, елге оралғанын Алла тағаланың нәсібі дейді ардагер.

– Біздің басымыздан өткенді еске алудың қажеті жоқ. Біз өз борышымызды өтедік. Қазір маңыздысы – болашақ, елімізде тыныштық болса екен деп тілеп, қазіргі буын «соғыс» деген сөзді білмесе екен деймін. Барлығы артта қалсын. Ондай қайғы-қасіретті көру ешкімге жазбасын, – дейді соғыстан кейін шаңырақ көтеріп, бала өсіріп, енді немере-шөберенің қызығына кенеліп отырған ақсақал.

Өмір жолы өзгеге үлгі-өнеге болатын адамдарды көріп, олармен тілдескеннен кейін «менің қолымнан сондай іс келер ме еді» деген ой келеді. Қайын Керден басын қатерге тігіп, жауды жеңіп, жаңа өмір құрғандардың бірі.

Бұл күні аудан әкімінің құттықтаулары басқа ҰОС қатысушыларына да арналды. Г.Охмат, С.Калашников, А.Тойғұлов, Н.Кожушко, И.Ирхин, К.Қосақовтарға алғыс сөздер мен жылы лебіздер айтылып, азық-түлік себеттері тарту етілді.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.