home
home home

Ақбура

 

Халықтың әулиелі жер деуінің себебі, тау шатқалындағы қалың жынысты сайдың ішінде тік жартастың арасынан жарып, бұрқылдап ағып жатқан бұлақ және Ақбура ата әулиенің бейіті бар. Бұлақ та «Ақбура ата бұлағы» деп аталады. Тарихи жазбаларда және ел аузындағы аңыз әңгімелерде Ақбураға қатысты біраз деректер айтылады.
Ілгеріде Ахмет Ясауидің тұсында өмір сүрген бір шейх желмаядай есіп, гуілдей жөнелгенде соңынан ұшқан құс ілесе алмапты. Уһілеп зікір салғанда аузы ылғи көпіріп жүретін көрінеді. Өзі аппақ киініп, түйенің бурасына ұқсап, «ауф, ауф, ауу, ауу»деп күркіреп, екі езуінен шыққан көбігі иықтарына қарай төгіле ағып, лезде Йассыға жеткенде Қожа Ахметтің өзі алдынан шығып: «Бурам, келдің бе?» – деп қарсы алады екен. Аузынан ақ көбік шашыратып жүргенінен оны жұрт Ақбура атап кеткен дейді көнекөз.
Әу баста оның ата-анасы азан шақырып қойған аты Ақберді болған деседі. Қазақ даласында Ислам дінін белсенді таратушылар қатарында орын алатын ол таңертеңгі памдат намазының екі бас сүннетін Қазығұрт бауырындағы бұлақ басында, екі бас парызын Йассыдағы мешітте, Қожа Ахметтің шәкірттерімен бірге оқитын болыпты. Жасы келгенде шейх: «Мен қай жерде жантәсілім етсем, сүйегімді сол жерге қойыңдар», – деп өсиет айтып жүреді екен. Тау етегіндегі сол бұлақ басында көз жұмып, денесі осы су маңайына жерленіпті.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
Разработка и поддержка сайта