home
home home

Ақ халатты абзал жандар

Ақ халатты абзал жандар

Маусым айының үшінші жексенбісі елімізде медицина саласы қызметкерлерінің төл мерекесі деп белгіленген. Биыл айтулы мереке ауданымызда дәстүрге сай жоғары деңгейде аталып өтіп, ақ халатты абзал жандарға аудандық Мәдениет үйінде құрмет көрсетілді.

Салтанатты шараға жиналған медицина саласының қызметкерлерін ең алдымен аудан әкімінің орынбасары Бейқұт Жамангозов құттықтап, аудан басшысы Болатбек Байтөленің ізгі тілегін жеткізді.

– Еліміздің өзге өңірлерімен қатар ауданымызда да денсаулық сақтау саласын дамыту мақсатындағы жүйелі жұмыстар жүзеге асып, нәтижесінде ауданда 14 ауылдық медпункт, 17 дәрігерлік амбулатория, 7 фельдшерлік-акушерлік пункт және 3 ауылдық аурухана жанындағы емхана ел игілігіне қызмет етуде. Мұнымен қатар, биыл ауданымызда 8 жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілмек. Денсаулық сақтау саласын жаңа сапалық деңгейге көтеруге бағытталған жұмыстар табысты жүзеге асуда. Осы орайда сіздердің еңбектеріңіз өлшеусіз екені айқын, – дей келе ауданның үздік дәрігерлерін аудан әкімінің Құрмет грамотасымен, аудандық «Nur Otan» партиясы филиалы төрағасының Алғыс хатымен марапаттады. Айта кетсек, аудан әкімінің Құрмет грамотасымен аудандық орталық аурухананың лаборант дәрігері Ольга Волколупова, орталық аурухананың дерматовенеролог дәрігері Гүлнәр Сейітқалиева, орталық аурухананың кардиолог дәрігері Жәния Әділхан марапатталды. Аудан әкімінің Алғыс хатына аудандық орталық аурухананың акушер-гинеколог дәрігері Жанар Байғұлова, Бетқайнар ауылдық дәрігерлік амбулаториясының  аға дәрігері Дамира Сабирова ие болды. Ал, аудандық «Nur Otan» партиясының Алғыс хаты келесі азаматтарға табыс етілді: аудандық орталық аурухананың хирургия бөлімінің хирургі Есжан Тлебаев, Қарасай ауылдық дәрігерлік амбулаториясының медбикесі Гүлнәр Алиева, Жаңатұрмыс ауылдық дәрігерлік амбулаториясының акушер медбикесі Жазира Тұрсынбаева, Сортөбе ауылдық дәрігерлік амбулаториясының медбикесі Разия Сушанло, Қордай аудандық орталық емханасының медбикесі Дарья Ниязалиева, Қаракемер ауылдық амбулаториясының медбикесі Дәмеш Тоққожаева, Қаракемер ауылдық амбулаториясының медбикесі Алтынкүл Момынжанова.

Бұдан кейін аудандық мәслихат хатшысы Руслан Нұрсипатов мереке иегерлеріне ізгі тілегін айтып, Қордай аудандық мәслихатының Құрмет грамотасымен аудандық орталық емхананың акушері Кенже Жүнісованы, аудандық орталық емхананың кардиологі Эльвира Барақбаеваны, ал Алғыс хатпен Сакина Урустамованы, Эльмира Бедишеваны, Светлана Раимкулованы, Назгүл Тобышакованы, Ғалия Сағымбаеваны марапаттады. Бұл күні медицина саласында ұзақ жылдар адал қызмет атқарған ардагерлер де назардан тыс қалмады. Оларды аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет құттықтай келе, сый-сияпаттарын табыс етті. Аудандық ардагерлер ұйымының Алғыс хатымен және мерекелік медальдарымен Тынышбек Усербаев, Зияш Елібаева, Александра Тимофеева, Назымхан Аширова сынды денсаулық сақтау саласының ардагерлері марапатталса, аудандық ардагерлер ұйымының Алғыс хатымен келесі азаматтар марапатталды: Раиса Молотилина, Айнагүл Қасымова, Екатерина Власова, Жылдыс Абдрахманова, Людмила Трегубова, Ақылжан Ахаева, Күлбанса Мусаева, Орынша Скакова, Тамара Данаева, Токтобулу Туғанбаева, Гүлнара  Несіпбаева.

Салтанатты жиын барысында Қордай аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Зәуреш Қадырбекова, бас дәрігердің орынбасарлары Иван Черных пен Эйвас Заманов әріптестерін төл мерекелерімен құттықтап, өз қызметімен қатар кәсіподақ жұмысына да белсенді атсалысып жүрген дәрігерлерге арнайы грамоталар мен сыйлықтар табыс етілді.

Ақ халатты жандар бұл күні қос қуаныштың куәсі болғанын айта кеткен жөн. Аудандық орталық аурухананың әйелдер кеңесінің меңгерушісі, акушер-гинеколог Шынар Өсербаеваның сол сәтте Елордада өтіп жатқан «Денсаулық сақтау жүйесінің үздіктері» республикалық байқауында «Үздік ауыл дәрігері» атанғаны хабарланды. Марапаттау рәсімінен кейін мереке иегерлері аудандық Мәдениет үйі өнерпаздарының дайындаған концерттік бағдарламасын тамашалады.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.