home
home home

Аналар ардақталған күн

Аналар ардақталған күн

 

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнінің қарсаңында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұратбай Жолдасбаев пен аудан әкімі Болатбек Байтөле батыр аналарды төл мерекелерімен құттықтап, қалыптасқан игі дәстүрге сай құрмет көрсетті.

 

Жалпы, елімізде отбасы институтын қолдау және нығайту, отбасының әлеуметтік қорғалуын арттыру, ана мен бала денсаулығын сақтау, демографиялық ахуалды жақсарту үшін жағдай жасау мемлекеттің басты міндеттерінің біріне айналған. Ал, Қордай ауданында 6700-ге жуық көпбалалы отбасы болса, 811 ана «Алтын алқа» және 1766 ана «Күміс алқа» төсбелгілерімен марапатталған. Қазіргі таңда аудан көлемінде 4191 отбасы мемлекеттік жәрдемақы алады екен. Осыған орай, мерейлі мереке қарсаңында сенат депутаты М.Жолдасбаев пен аудан әкімі Б.Байтөле бес және одан көп бала тәрбиелеп-өсірген бірнеше анамен жүздесіп, Мемлекет басшысының «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде атап өткен қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыру және көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы беру тәртібін өзгертуге қатысты оңтайлы өзгерістерді түсіндіріп өтті. Атап айтсақ, 2019 жылдың 1 шілдесінен көпбалалы отбасыларға төленетін жәрдемақы мөлшері артып, бұл көрсеткіш әр балаға 21000 теңге көлемінде тұрақтамақ. Сондай-ақ, ақ жаулықты аналармен сұхбаттасқан халық қалаулысы қазақстандық әйелдердің қоғам өміріндегі ролін, олардың қамқорлығы мен мейірімділігін сөз етті.

– Сіздер әлемге мейірімділіктеріңізбен шуақ шашып, айналаны нәзіктік пен жан жылуларыңызбен жылытып, жайлылық, үйлесімділік сезімін сыйлайсыздар. Қазақстандық әйелдер жақсылық пен жасампаздықтың бірден бір көзі ретінде еліміздегі бейбітшілік пен бірлікті нығайтуға зор үлесін қосып келеді. Құрметті әйелдер, бақытты болыңыздар! Әрқашан қуанышқа бөленіп жүре беріңіздер! Мереке құтты болсын! – деді құттықтау сөзінде Мұратбай Сматайұлы.

Иә, бала тәрбиесімен қатар, үй шаруасын қатар алып жүрген аналарымыздың өскелең ұрпақ тәрбиесі мен қоғамның дамуындағы алар орны орасан. Олар өмірдің түрлі жағдайларға қарамастан еш мойымай, алдарындағы міндетін адал арқалап келеді. Мәселен, бірнеше жыл бұрын отағасынан айырылған  Сабира Нигматуллина жалғыз өзі бес баласын тәрбиелеп келеді. Үлкен ұлы әскерде, ал кішісі балабақшаға барады. Қалғандары мектеп жасында. Өзі болса жалдамалы жұмысшы болып қызмет етіп, күніне 2000 теңге табады. Осындай өмірлік қиындықтарға қарамастан бауыр еті балалары махаббат пен мейірімге бөленген.

Сондай-ақ, бұл күні Мария Гунькинаның да отбасы қонақтардың құттықтауын қабыл алды. Жеті қыз және бір ұл тәрбиелеп отырған батыр ана үй шаруасында, жұбайы жеке кәсіпкер. Ал, қонақтар келесі барған Гүлнар Рысмендиеваның алты баласы бар. Ол өз балаларымен қатар балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істеп, басқа балалардың сүйікті тәрбиешісіне айналған.

Үйінде өзіне деген махаббатты сезінген бала жақсы бала болып өседі. Сондықтан, баланы барынша мейірімге бөлеп, тура тәрбие берген абзал, – дейді Гүлнәр.

Келесі кезекте құттықтаушылар тоғыз баланың анасы Раушан Қожамқұлованың үйіне де барып шықты.

Бала мен отбасына деген махаббат сезімі әр әйелде бар деп ойлаймын. Отбасында махаббат, құрмет, ауызбірліктің болғаны өте маңызды. Біздің отбасымызда 9 бала бар, жақында тағы бір бала дүниеге келеді деп күтіп отырмыз. Бізді қамқорлығына алған Елбасыға алғысым шексіз, – дейді батыр ана.

 


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
Разработка и поддержка сайта