home
home home

Әлеуметтік сала депутат назарында

Әлеуметтік сала депутат назарында

Өткен аптада Қордай ауданына іссапармен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Шакир Хахазов келіп, біраз елді мекендерді аралап шықты. Елордадан келген қонақ ең әуелі Қордай ауылындағы жұмыспен қамту орталығы мен мүгедек балаларды бейімдеу және оңалту орталығының жағдайымен танысты. Аталмыш кездесуге аудандық мәслихат хатшысы Руслан Нұрсипатов, аудан әкімінің орынбасары Бейқұт Жамангозов және ішкі саясат бөлімінің басшысы Баян Ыбышева да қатысты.

Алдымен жұмыспен қамту орталығына ат басын бұрған Шакир Хахазовты директордың м.а. Саламат Көпешов қарсы алып, мекеме жұмысы және ондағы қызметкерлермен таныстырды. Бүгінде орталықтың жұмысы қарқынды, әрі жергілікті тұрғындар үшін маңызды. Қараша халыққа жұмысқа орналасуға жәрдемдесіп, көмегін ұсынатын қызметкерлердің жаңа форматтағы әлеуметтік көмек турасындағы өзекті мәселелер туындап жатқанын баяндады. Депутат халықты әлеуметтік көмекпен қамту мәселесі Үкіметте күн тәртібінен түспейтінін айтып, қызметкерлер айтқан жайттарды жазып алғанын жеткізді.

Келесі кезекте мүгедек балаларды бейімдеу және оңалту орталығына барған Ш.Хахазов балақайлардың жағдайын байқап, ем-дом қабылдайтын бөлмелерді аралап шықты. Мұнда да мекеме қызметкерлері барлық ақпаратты алға тартып, Сортөбе ауылынан дәл осындай мекеме ашу жоспарланып отырғанын айтты.

Содан соң депутат Масанчи ауылына барып, ауылдық мәдениет үйінде жергілікті тұрғындармен жүздесті. Кездесуді мәжіліс депутаты шағын баяндамамен бастады. Өз сөзінде ол мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық және ауыл шаруашылығы салаларында атқарылып жатқан орасан жұмыстарды тізбектеп, қарапайым заттарға түсініктеме беріп, содан кейін халықпен емен-жарқын сұхбатқа көшті. Биыл қабылданғалы отырған педагог мәртебесі туралы заңға қатысты тұрғындарды өз ұсыныстарын айтып, белсенділік танытуға шақырды. Сонымен қатар, Шакир Хахазов жиында әлеуметтік көмек, көп балалы және жағдайы төмен отбасыларға баспана беру сынды өзекті мәселерді талқылап, өзінің депутат ретінде атқарған жұмыстарын алға тартты. Сондай-ақ, халық қалаулысы ҚР Президеттік сайлау жайында сөз қозғап, әр тұрғынды ел өміріндегі маңызы мол науқаннан шет қалмай, өз дауыстарын қалаған кандидатына беруге шақырды.

Осындай кездесу Сортөбе ауылының тұрғындарымен де өтті. Ауылдық мәдениет үйіне жиналған қауым ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Шакир Хахазовқа газдандыру, жаңа мектеп салу, жарықтандыру секілді көкейіндегі ойларын айтып, тұшымды жауабын ала алды. Халық қалаулысы барлық айтылған пікір мен ұсыныстарды тыңдап, өзінің жеке парақшасына хат жолдап тұруларына болатынын да еске салды. Бұл кездесу барысында да Шакир Хахазов сайлау науқаны жайында сөз қозғап, тұрғындарды ел тағдырына немқұрайлық танытпауға шақырды. Жиын соңында округ әкімі Ильяс Буларовтың ұсынысымен депутат округтегі спорт белсенділерін марапаттап, көпшілікпен естелікке суретке түсті.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.