home
home home

Әлемдік деңгейдегі дара тұлға

Әлемдік деңгейдегі дара тұлға

 

19-шы наурыздағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына жасаған үндеуінен кейін еліміздің шын патриоты ретінде абдырап қалғанымыз рас. Отыз жыл ел тұтқасын ұстаған азаматтың елімізге сіңірген еңбегі туралы ойласаң бір ғана мысалға тоқтала алмайтындығың шындық. 70 жыл тоталитарлық режим шеңберінде болған елдің егемендігімен біте қайнасқан Нұрсұлтан Әбішұлы шекарамызды шегендеп, діліміз бен дінімізді қайтарған зор тұлға. Тоқсанның тоқырауынан алып шыққан, Қазақстанның дамуының дара жолын салған аңыз адам десек қателеспейміз. Елбасының бастамасымен кәрі құрлықта және мұхиттың ар жағындағы алпауыт елдерде білім алуға қаракөздерімізге тамаша мүмкіндік туды.

Әлем Қазақстан деген тарихы терең, дәстүрі дара, іргелі ел бар екенін білді, мойындады, бәскеге қабілеттілігін таныды. Көк тумыз желбіреп, сөзіне Елбасы сөздері қосылған Әнұранымыз асқақтады. Бұл күнде Қазақстанды білмейтін, онымен санаспайтын ел жоқ. Ірі мемлекеттермен иық тірестіріп, іргелі ұйымдарға жетекшілік жасаған ел болдық. Отыз жылда білімді, жаңашыл ұрпақ қоғамға етене араласты. «Біз 90-жылдардағы ең күрделі кезеңде «Болашақ» бағдарламасы бойынша мамандар даярлау ісін қолға алдық. Жастардың лайықты білім алып, әлемдік тәжірибені зерттеуіне мүмкіндік туғыздық, сондай-ақ олардың елімізге өз пайдасын тигізуіне жол аштық», – деді Елбасы өз үндеуінде. Шынында да солай.

Еліміз Мәдениетте, спортта және өзге де салаларда зор жетістіктерге жетіп, небір биіктерді бағындырды. Осының барлығы тікелей Елбасының ұйытқысымен іске асқан тірлік. Оның көрнекті саяси және мемлекет қайраткері, реформатор екенін, өңірдегі интеграциялық үдерістің құрушысы, ұлттық қана емес, әлемдік деңгейдегі тұлға екенін барша жұрт мойындады. Оның себебі де жетерлік. Әлемдегі орын алып атқан ауыр саяси ахуал кезінде еліміз ядролық қару-жарақтан бас тартқан әлемдегі ең бірінші мемлекет болдық, сол қадамға Біріккен Ұлттар Ұйымы төріне тұрып өзгелерді шақырды. Бұл да Елбасының сарабдал саясатының, көрегендігінің арқасы деп түсінеміз. Елін сүйген, елі сүйген Елбасы әрдайым өз жұртымен, елімен ете болды. Жұрт асыға күтетін жыл сайынғы Жолдаулары Қазақстанның қарыштап дамуына серпін берсе, сонымен қатар қабылдаған түрлі бағдарламалар экономикамен қатар рухани дүниемізді түгендеуге мүмкіндік берді.

Нұрсұлтан Әбішұлы Президенттік қызметін тоқтатқанымен, халықтың жүрегінде ең бірінші Президент және Елбасы болып қала бермек. Үндеуі соңында өзі жақсы көретін, әрдайым қолдап жүретін жастарға үлкен сенім артатынын айтты. «Жастардың елімізді қорғап, оны нығайта түсетініне, өздерінің бар білімі мен күш-қуатын Отанымызды өркендетуге жұмсайтынына сенімдімін», – деген Елбасы сенімі ақталатынына біз де зор үміттеміз.

 

Қордай аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы

 Қарамолдаева Баян Нәзікеқызы

 

 

 


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.