home
home home

АЙТАРЫМЫЗ АЛҒЫС

ҚР Тәуелсіздігі мерекесінің қарсаңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Қаракемер ауылында салынған қоспәтерлі 10 үйдің кілтін әлеуметтік осал топтағы тұрғындар мен жас мамандарға ұсынған еді. Осыған орай біз баспаналы болған жас отбасымен жолықтық.

12 желтоқсан күні қоныс тойын тойлағандардың қатарында ерлі-зайыпты Самат Туманов және Гүлжан Жапарқұлова бар. Олар көршілес жатқан Масаншы ауылдық ауруханасына жұмысқа келіп, ел игілігі үшін қызмет етуде.
– Әрине әрбір жасты сапалы білім беру жүйесі, қолжетімді жоғары білім, қолына диплом алған жас мамандарды жұмыспен қамту, жас отбасыларды тұрғын үй мәселесі сияқты сұрақтар толғандырады. Жұбайым Самат екеуміз 2013 жылы отау құрдық. Екеуміз де Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің түлегіміз. Мен 2017 жылы интернатураны тәмамдап, 2019 жылы магистратураны бітірдім. Ал, Самат резидентураны аяқтап, дәрігер-онколог маманы атанды. Өзім екі жылдай Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінде лаборант болып еңбек етсем, күйеуім жедел жәрдем қызметінде дәрігер болды.
Осылайша, еңбек жолында алғашқы қадамды бастаған біздерге мемлекет жаңа мүмкіндік ұсынды. Ол – «Дипломмен ауылға» бағдарламасы болды. Аталмыш бағдарламамен біз Масаншы ауылдық ауруханасына жұмысқа жолдама алдық. «Дипломмен ауылға» бағдарламасының игілігін алғаш кезден сезіндік. Алдыменен мемлекет біздің отбасыға 800 мың теңге көлемінде көтерме ақы төледі. Бұл жас отбасыға кәдімгідей қолдау болды. Сонымен қатар, Қордай аудандық орталық ауруханасы тарапынан бір жыл бойы пәтерақы төленді. Жалпы тәжірибелік дәрігер болып жұмысымызды бастаған біз бастапқы кезде көп қиындықтарға кезіктік. Бастысы, әрине, баспана мәселесі. Алғашқыда Масаншы ауылынан пәтер жалдадық. Пәтерде еш жағдай қарастырылмаған еді. Газ жоқ, отын жағу керек. Ал, біздің кішкентай балаларымыз бар. Сондықтан Қордай ауылынан қолайлы пәтер жалдап, екі ортада қатынауға тура келді. Ал, пандемия кезінде біз күні-түні ауруханадан шыға алмадық.
Жақында бізге пәтер беріледі деген хабарды естігенімізде қуанышымыз қойнымызға сыймады. Облыс әкімі өзі келіп, салтанатты түрде үйдің кілтін ұсынып, су жаңа теледидар сыйлады.

Осындай қамқорлық үшін Президентке, Бердібек Машбекұлына, аудан және де аурухана басшылығына мың алғыс айтамыз. Енді біздің мақсатымыз – жұмысымызды абыроймен атқарып, ел игілігі үшін қызмет ету. Себебі, мемлекет бізге барлық мүмкіндікті жасап берді. Ал, жас мамандарға айтарымыз – шағын ауылдарға қорықпай барыңыздар. Мемлекет қамқорлықсыз, қолдаусыз қалдырмайды. Оған біздің еңбек жолымыз дәлел, – дейді дәрігер Гүлжан Жапарқұлова.
Ерлі-зайыпты дәрігерлер бүгінде 3 баланың ата-анасы. Екеуі де өз ісін жетік меңгерген нағыз мамандар. Ауылдарға осындай білікті кадрлар ауадай қажет екені айтпаса да белгілі. Ендеше жас отбасыға сәттілік тілейміз.

© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.