home
home home

№51 мектеп топ жарды

 

 

 

Аудандық басылымға жазылу бойынша жоспарды асыра орындаған №51 орта мектеп ұжымы жайында газетіміздің алғашқы бетінде жазған едік. Енді міне, аталмыш білім ордасы турасында тағы бір мақала дайындаудың реті келді. Нақтырақ айтсақ, №51 орта мектеп ұжымы «Qaztest.kz» сайтының әкімшілері тарапынан ұйымдастырылған «Үздік педагог» атты ІІІ Республикалық онлайн-олимпиадасына қатысып, жоғары нәтиже көрсеткен 26 мектеп ішінен алға суырылып шықты. Осылайша №51 ОМ ұйымдастырушылардың ортақ шешімімен «Үздік ұжым» атағына лайық деп танылып, аталған номинация бойынша жүлделі кубокқа ие болды.

Кездескенімізде №51 ОМ директоры Күлсімхан Нүсіпбаева «Qaztest.kz» сайты ұйымдастыратын олимпиадалар еліміздің білім саласындағы мәртебелі іс-шаралардың бірі саналатынын, ал тестілеудің сұрақтары Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ұстаздарымен бірлесе әзірленетінін атап өтті. Оның айтуынша, олимпиадаға республикамыздың барлық өңірлерінен мыңдаған педагогтар қатысып, байқаудың қағидаларына сай мұғалімдердің білім деңгейі тексеріледі. Сондай-ақ, олимпиадаға қатысқан әр мектеп мұғалімі 2 турдан тұратын онлайн-тестілеуден өтіп, 25 сұрақтан тұратын тестілеудің нәтижесі бойынша жеңімпаздар анықталады. Осындай бәсекелі додада №51 ОМ мұғалімдері өздерінің біліктілігін көрсетіп, топ жарған. Атап айтсақ, жоғары нәтиже көрсеткендер қатарында қазақ тілі пәнінің мұғалімдері К.Солтанбекова, Ж.Байжігітова, А.Бекқұлова, А.Әбдіраш, бастауыш сынып мұғалімі А.Сүйінова, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Ж.Сырлыбай және химия пәнінің мұғалімі А.Жетпіспай бар.

Айта кетсек, оқушылардың ғылыми зерттеулерінің нәтижесі бойынша мектеп көптеген олимпиадаларда жүлдегер атанып жүр. Мектепте дарынды балалармен жұмыс тура жолға қойылған. Мәселен, жаратылыстану-математикалық бағыттағы «Әл-Фараби» республикалық олимпиадасында мектептен 12 озат оқушы іріктеліп, жарыс нәтижесі бойынша мектеп химия мен биологиядан 3 бірдей жүлделі орынға ие болған. Жүлдегерлер қатарында М.Рысқұлова, А.Қалдарбекова, А.Жетпіспай сынды мұғалімдер жетекшілік ететін А.Тілек, М.Сәрсен, У.Жұмабаева сынды оқушылар бар.

Сонымен қатар, 10-сынып оқушысы У.Алиева «Менің кіші Отаным» ІІІ Республикалық зияткерлік байқауында аудандық деңгейде 1-орынды иеленіп, облыстық жарысқа жолдама алған. Дарынды қыз облыста 2 орынға ие болды (мұғалімі Б.Тынысбай). 7-сынып оқушысы З.Тоқтар «Қош келдің, алтын күз» республикалық байқауында 2 орынды иеленді.

Бүгінгі күнге маңызды мәселелердің бірі коронавирус індеті екені белгілі. Осы орайда ауданда өткізілген «COVID-19» байқауында сурет салудан 5-сынып оқушысы А.Дәутебек бас жүлдеге қол жеткізіп, екінші орынға Т.Әлімбаева ие болды. Ал, Р.Тұрдалиева көрермендер көзайымына айналды. Ал, 9-сынып оқушысы К.Арғынова «Кітап оқитын үздік мектеп» онлайн-байқауында бас жүлдеге ие болып, облыстық байқауға жолдама алды. Мұғалім А.Бекқұлованың жетекшілігімен 10-сынып оқушысы У.Алиева Мұғалімдер күніне орайластырылған аудандық эссе байқауының жеңімпазы атанды. Бұл жетістіктер Мемлекет басшысының білім беру саласын жаңғырту бойынша берген тапсырмаларының сәтті іске асырылуының бірден бір дәлелі десек артық айтқандық емес. Өз кезегімізде біз №51 мектеп ұжымын жеңісімен құттықтап, сәттілік тілейміз!

 

Серғазы Манасбаев


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.