home
home home

2021 жыл, 10 ҚАҢТАР САЙЛАУ

2021 жыл, 10 ҚАҢТАР САЙЛАУ

ЖарҚын жҮзбен

сайлауда кездесейік

Қадірменді жерлестер! Құрметті Қордай ауданының жұртшылығы!

Күні кеше ғана мемлекетіміздің егеменді ел болғанына 29 жыл толып, Қазақ елі әлем таныған, мойындаған, сыйлаған ел қатарына қосылғанына шүкір айтып, рухы биік Қазақ елі өткендерін еске алып, келешекке сеніммен қарап, ұлық мерекемізді атап өттік. Енді міне тышқан жылын да аяқтауға санаулы күніміз қалып, келер жылды үлкен үмітпен қарсы алғалы отырмыз. Өтіп бара жатқан жылымен басымызға келген барлық жамандық, ауыртпашылық, осы жылы әлемді жайлаған жаман кесел тышқан жылымен бірге кеткенін Алладан тілеп, бойдағы жаман қасиеттерді шығарып тастайық, ағайын.

Қуаныш қуанышымызға жалғасып, жаңа жылымыз жақсылықпен тоғысып, 10 қаңтар күні елімізде көптен күткен Парламент мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихатқа депутаттыққа бес партияның жасақтаған жаңа кандидаттарына әр азамат өз дауысын беріп, түсіністікпен, ұйымшылдықпен алдағы болатын сайлауды жақсы өткіземіз деген үміт бар. Бұл сайлау біздің еліміз үшін үлкен сын екендігін бәріміз білеміз. Бүкіл әлем біздің елімізде өтетін сайлау қалай өтер екен деп сын көзбен қарап отыр десек еш артықшылығы жоқ. Қазіргі мезгілде әр деңгейдегі өтіп жатқан сайлау кезінде келіспеушілік, арандатушылық, арасында жасанды белсенділіктің кесірінен сайлаудың аяғы қанды соғысқа дейін көтеріліп, халық толқып, елдің берекесі кетіп жатқан мемлекеттерді көзімізбен көріп жүрміз. Мұны ынтымақ пен бірліктің басы елден кетіп, адасуы деп түсінуге болады. Ондай бәленің беті бізден аулақ болсын. Соған байланысты біз жұмылған жұдырықтай болып, жаман әдетке еліктемей, Қазақ елі бірлігін тағы бір көрсететін кез келді.

Сол сынға Қордай жұртшылығы да өзінің үлкен үлесін қосып, сайлауда ең жоғарғы көрсеткішті көрсетеді деген сенім мол. Біздің аудан еліміздегі ең бір өркендеп өсіп-өнген, кең қанат жайып көркейген мекен. Өмірдің талабына сәйкес әрдайым жаңалық іздеп, оны енгізіп, тынбай еңбектенетін жаңашыл аудан. Халқының да ынтымағы, бірлігі берік, тәртіпті, жұлдызды аудан.

Құрметті қордайлықтар! Осындай елімізге белгілі, беделді ауданымызға алдымыздағы сайлау жаңалық емес, біздер қордайлықтар барлық өткізіп жүрген сайлауларда бір кісідей атсалысып, ұйымшылдығымызды танытып, әрқашанда жоғары көрсеткішпен көрініп жүрген ауданның біріміз.

Құрметті жерлестер! Мен сіздерді сайлауға түсіп жатқан бес партияның біреуіне басымдық беріп, үгіттеуден аулақпын. Таңдау өздеріңізде, өздеріңіз шешесіз кімге дауыс беруді. Тек сіздерді – 10 қаңтар күнгі сайлауға түгел қатысуға шақырамын. Қордайлықтар өзінің ауызбіршілігі жоғары деңгейде екендігін дәлелдеп, маңдайымыз жарқырап, қуанышқа бөленейік. Ауданымыздың абыройы асқақтай берсін, азаматтығымыздан ажырамайық. Істеріңізге сәттілік тілеймін, жарқын қабақпен сайлауда кездесейік. Келе жатқан жаңа жыл әр отбасына қуаныш, бақыт, жақсылық әкелсін, қадірлі ақкөңіл, ақжарқын Қордай елі.

Құрманғали Уәли,

 «Құрмет», «Парасат» орденінің иегері

 


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.