home
home home

2020-2021 оқу жылын қашықтықтан оқытуға дайындық шаралары

2020-2021 оқу жылын қашықтықтан оқытуға дайындық шаралары

Міне, жадыраған жаз айларымен тұспа-тұс келетін оқушылардың жазғы демалысының жартысы өтіп, көп ұзамай жаңа 2020-2021 оқу жылы басталады. Демалыстан оралған шәкірттерімізді сыңғырлаған қоңырау үнімен білім мекемелері қарсы алмайтыны бүгінде баршамызға белгілі. «Балаларымыз қалай оқиды?» деген сұрақтың бүгінгі қоғамда өте өзекті болып отырғаны анық. Десе де, оқушыларымыздың қатаң сақтық шараларын сақтай отырып, барынша сапалы білім алуы үшін Үкімет және жергілікті атқарушы билік тарапынан жан-жақты жұмыстар жүргізілуде.

Жаңа оқу жылында ауданымыздың 48 мектебіне 31557 оқушы келеді деп күтілуде. Бүгінде шалғай елді мекендердегі 8 мектепте (№15 БМ, №11, 21, 33, 36, 40, 45, 49 НМ) интернет жүйесі өте нашар, қашықтықтан оқыту негізінде сабақ өткізуге мүлдем мүмкіндік жоқ. Сондықтан, аталған 8 мектепте 127 мұғалім жұмыс істеп, 818 оқушыға санитарлық талаптарды сақтай отырып екі ауысымда дәстүрлі түрде білім береді.

Жалпы, ауданда қашықтық режимінде жұмыс жасайтын 40 мектептің 2640 мұғалімі мен 31462 оқушыға қашықтықтан сабақ беру үшін келесі жұмыстар зерделенді. Атап айтсақ, 2640 мұғалімнің 2271-де компьютер бар /оның 1876-сы интернет желісіне қосылған/, қалған 369 мұғалімнің компьютері жоқ. Оның 32-сі жаңа оқу жылының басына дейін өздері сатып алуды жоспарласа, 9-на мектеп теңгеріміндегі компьютерлер уақытша беріледі, ал қалған 328-і планшет арқылы жұмыс жасайды. Сонымен қатар, жалпы 24528 отбасылардағы 31462 оқушының 27673-де компьютері (ноутбугі) бар болса, 2013 оқушыға компьютерлер мектептерден ата-аналарға сақтау жауапкершілігі жүктеле отырып уақытша беріледі. Ал, 1776 оқушы телеарна арқылы білім алатын болады.

Оқушыларға қашықтық жүйелері арқылы сабақ беру жоспары мынадай:

4086 (оның ішінде 2310 – 0 сынып) – «Балапан», «Ел арна» телеарналары арқылы жүргізілетін ТВ-сабақтарға қосылуға мүмкіндіктері бар оқушылар;

Бұдан бөлек «WhatsApp», «Telegram», мессенджерлері арқылы 1-11 сыныптағы 29655 оқушылардың білім алуға мүмкіндігі бар;

818 оқушы штаттық режимде білім алады.

Ендігі кезекте, ең бастысы, балаларымыздың бас амандығын сақтай отырып, білім берудің қай форматында болмасын, ел болашағы үшін жасалып отырған ортақ ісімізді бірлесе көтерсек, біздерге алынбайтын асу, бағынбайтын белес қалмасы анық.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.